АСТАНА. KAZINFORM — Былтыр елімізде аяқ киім таңбалана бастаған. Биыл таңбалаудың жаңа ережелері енгізілді.
— Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 28 қаңтардағы № 26 бұйрығымен таңбалауға жататын аяқ киім тауарларының айналымын жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерге тауарларды ішкі тұтыну немесе кері импорт үшін шығару рәсімімен орналастырғаннан кейін оларды таңбалауға рұқсат етілетін қойма үй-жайларының тізбесі бекітілді. Қойма үй-жайларының тізбесі тоқсан сайын жаңартылып отыратын болады, — делінген министрлік Өнеркәсіп комитетінің хабарламасында.
Қойма үй жайларының тізбесіне енгізу үшін «Аяқ киім тауарларын таңбалау және қадағалау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2021 жылғы 30 қыркүйектегі № 518 бұйрығын басшылыққа алу қажет.
Импорттаушылар қағаз және/немесе электрондық түрде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің атына жеке қойма үй-жайларын қойма үй-жайларының тізбесіне қосу үшін келесі құжаттарды қоса отырып өтініш береді:
қойма үй-жайының меншік, шаруашылық жүргізу, жедел басқару жалға алу құқығында немесе өзге де заңды негізде болуын растайтын құжаттар;
көлік құралдарының аумаққа кіруін және қойма үй-жайының аумағынан шығуын, адамдардың қойма үй-жайына кіруін және одан шығуын бақылау жүйелерінің техникалық сипаттамалары, орналасқан жерлері, бейнебақылау құралдары, көлік құралдарының кіруін және адамдардың қойма үй-жайының аумағына кіруін бақылауға, сондай-ақ болған оқиғалар туралы бейне ақпаратты көру үшін бейнебақылау құралдарына кіруге жауапты адамдардың байланыс деректері туралы мәліметтер;
көрсетілген жабдыққа арналған құжаттардың электрондық көшірмелерін және жабдықтың фотосуреттерін қоса бере отырып, тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалауға арналған жабдық туралы мәліметтерді ескере отырып өтініш жібере алады.