Наурыз – тоқшылық күні. Халқымыз қазанын оттан түсірмей, әр үй наурыз көже жасайды.
Әрине, Наурыз көже – осы мерекеге ғана тән, көпшілікке арналған мерекелік тағам. Наурызда үлкен тайқазанға жеті түрлі дән қосып, ернеуіне дейін толтырып, Наурыз көже пісірген. Толтырып жасайтын себебі – тоқшылық болсын дегені.
«Көжені қарындарыңа сыйғанынша ішіңдер, сонда жыл бойы тоқ жүресіңдер» деп ырымдайтын. Наурыз көжеге сүр ет, қазы салып, оған алдын ала бұқтырылып қойған бидай, күріш, тары, кеспе қосады. Құртты астауға салып, малтасын шығарып тұрып езіп қояды. Үлкен кісілер көжеге барған үйдің иесіне, алдынан кездескен адамдарға жақсы тілектерін айтып, «ақ мол болсын» дейді. Қазақы дастарқанының сәнін келтіретін сүт тағамдары. Сүт болса, кілегей, май, ірімшік, айран, қатық та болады. «Ақ мол болсын» деп тілек айтатыны сондықтан. Наурыз көже расымен де өте дәмді. Әрі құрамында бойға нәр, күш-қуат беретін пайдалы дәрумендерге толы.
Осындай ұлттық тағамымызды ұлттық брендке айналдыру керек-ақ. Өйткені, Наурыз көженің дәстүрлік, мерекелік ұлттық тағылымы өте зор. Ол барлық адамдарды жомарттыққа, ізгілікке, ұйымшылдыққа, татулыққа, бірлікке шақырады.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА