Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Мәртебең артсын, ЖҰМЫСШЫ!

Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны белгілі. Ол бұл жөнінде Қазақстан халқына арнаған өз Жолдауында айтты. «Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз» деді. Осылайша адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдардың еңбегі, өмірі насихатталып, құрмет көрсетілмегін пайымдаған Президент еңбек адамының мәртебесін көтеру маңызды деп санайтынын баса жеткізді.

«Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі» деді Мемлекет басшысы.

Президент әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс екенін, сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түсетінін атап өтті. «Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек» делінді Жолдауда.

Осыдан кейін, атаулы жыл айналасындағы, соған қатысты шаруалар жүйелене бастады десек болады. Осының өзінен-ақ еліміз үшін жұмысшы мамандықтары қаншалықты маңызды екендігін аңдау қиын емес. Мәселен, Жұмысшы мамандықтары жылына байланысты Үкіметте кәсіптік-техникалық білім беруді жаңғырту шаралары қаралған. Премьер-министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жұмысшы мамандықтары бойынша кадр даярлау және олардың біліктілігін жетілдіру, сондай-ақ, аталған кәсіптердің беделін арттыру жөніндегі шаралар қозғалулы. Мәселеге қатысты оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлері баяндама жасап, «Атамекен» ҰКП төрағасы Райымбек Баталов және өңірлік колледж басшылары тыңдалған.

Сол жиында соңғы жылдары кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін дамытуда бірқатар прогрессивті қадамдар жасалғаны, колледждер жұмысшы мамандықтары бойынша тегін оқытатыны, кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі айтарлықтай ұлғайтылуы, бұған дейін колледж-дерге бюджет есебінен  жыл сайын 93 мыңға жуық студент қабылданып келсе, ағымдағы жылы олардың саны 142,5 мыңға дейін жеткені, колледж студенттерінің стипендиялары 50 пайызға өскені, сонымен қатар білім беру ұйымдарының материалды-техникалық базасын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасып, «Жас маман» жобасы аясында 180 колледжді қайта жарақтандыру үшін республикалық бюджеттен 48 млрд теңге бөлінгені де айтылған.

Негізгі міндет – техникалық және кәсіптік білім беруді реформалау бойынша кешенді жоспар әзірлеу. Тиісті тапсырма мүдделі мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен, «Атамекен» палатасымен бірлесе орындау үшін Оқу-ағарту министрлігіне берілді. Құжат колледждерді техникалық жағынан қамтамасыз ету, оқытушылар құрамы мен оқу бағдарламаларына қойылатын талаптар, колледждердің жұмыс сапасын бағалау және оларды қаржыландыру бағытында нақты шараларды қамтуы тиіс делінді.

Жұмысшы дегеніміз кімдер?

Халыққа Жолдауында Президент, жоғарыда айтқанымыздай, техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажеттігін, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттау жайына баса тоқталды. Яғни, қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс.

Ал сол қасиеттердің иелері - жұмысшылар дегеніміз кімдер? Мамандардың пікірінше, Қазақстанда жұмысшы санатына әртүрлі мамандықтар кіреді. Олардың қатарында механиктер (автокөліктер мен машиналарды жөндеу), электриктер (электр жүйелері мен құрылғыларын орнату және жөндеу), слесарьлар (металл конструкцияларын өңдеу, жөндеу), дәнекерлеушілер (металл бөлшектерін дәнекерлеу), столярлар (ағаштан бұйымдар жасау), кондитерлер (тәтті өнімдер дайындау), медбикелер (медициналық көмек көрсету), тігіншілер (киім мен басқа текстиль бұйымдарын тігу) және басқалары бар. «Бұл мамандықтар өндіріс, құрылыс, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы сияқты түрлі салаларда маңызды рөл атқарады» дейді оған сараптама жасаушылар.

 Басқалар қалай бағалайды?

Мамандар жұмысшы мамандықтары бағаланатын мемлекеттер, әдетте, экономикалық дамуы жоғары, әлеуметтік теңдікке көңіл бөлетін елдер екенін айтады. Олардың пайымынша, жұмысшы мамандықтарының бағалануы – бұл елдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуына әсер ететін маңызды аспект. Осы тұрғыдан алғанда, әлемде жұмысшы мамандықтарының жоғары бағаланатын мемлекеттері және олардың бағалануының негізгі критерийлері туралы толығырақ тоқталған. Олардың бағалануы бірнеше көрсеткіштер арқылы жүзеге асырылады екен. Мәселен, жұмысшылардың жалақысы – мамандықтың бағалануын анықтайтын ең басты көрсеткіштердің бірі. Жоғары жалақы мен бонус-тар жұмысшы мамандықтарын тартымды етеді. Мысалы, Швеция мен Германияда инженерлер мен техникалық мамандар жақсы жалақы алады, бұл олардың жұмысын жоғары бағалайтынын көрсетеді.

Жұмысшылардың құқықтарын қорғау – маңызды аспект. Жоғары дамыған елдерде (мысалы, Канада, Норвегия) жұмысшыларға берілетін әлеуметтік жеңілдіктер (демалыс, ауруханаға жату, зейнетақы жүйесі) жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттырады. Мұндай елдерде еңбек шарттары заңмен реттеледі, ал бұл жұмысшылардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.

Мамандықтардың сапасы мен біліктілігі, сондай-ақ, олардың қоғамдағы бағалануы білім беру жүйесіне тікелей байланысты. Жоғары сапалы кәсіптік білім беру (мысалы, Германияның дуалды білім беру жүйесі) жұмысшы мамандарды даярлаудың тиімділігін арттырады, бұл өз кезегінде жұмысшы мамандықтарының бағалануына әсер етеді.

Экономикалық жағдайдың тұрақтылығы жұмыс орындарының тұрақтылығына және жұмысшылардың өмір сүру деңгейіне әсер етеді. Мысалы, Жаңа Зеландияда экономиканың тұрақты өсуі мен төмен жұмыссыздық деңгейі жұмысшы мамандықтарының беделін арттырады.

Дүниежүзілік экономикалық форум, ЮНЕСКО және басқа ұйымдар жүргізген зерттеулер мен рейтингтер елдердегі жұмысшы мамандықтарының бағалануын объективті түрде көрсетеді. Мысалы, 2023 жылғы зерттеулерде Скандинавия елдері (Швеция, Дания, Норвегия) жұмысшы мамандықтарын жоғары бағалайтын мемлекеттер ретінде танылған.

«Жұмысшы мамандықтарының бағалануына әсер ететін факторлар кешені, сондай-ақ, елдің мәдениеті мен экономикасының ерекшеліктері де ескеріледі. Жоғарыда аталған елдерде жұмысшы мамандықтарының жоғары бағалануы олардың әлеуметтік және экономикалық жүйесінің тиімділігімен тығыз байланысты» деулі мамандар.

 Құқығымызды еңбек кодексі қорғайды

Мамандар Қазақстанда жұмысшы мамандықтарын әлеуметтік қорғау бірнеше бағытта жүзеге асырылатынына да тоқталған. Мәселен, Қазақстанда жұмысшылардың құқықтарын қорғауға арналған еңбек кодексі бар. Бұл кодекс жұмыс уақытын, демалысты, еңбек шарттарын және еңбек қауіпсіздігін реттейді. Жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін заңдық негіздер қамтамасыз етілген.

Жұмысшылар үшін әлеуметтік қорғау жүйесі жұмыс істейді, оның ішінде: жұмысшылар зейнетақы қорларына міндетті жарналарды аударады, бұл зейнетке шыққанда қаржылық қолдау алуға мүмкіндік береді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы жұмысшылар медициналық қызметтерге қол жеткізеді. Жұмыссыз қалған жағдайда жұмысшыларға жәрдемақы төлеу жүйесі бар.

Елімізде кәсіподақтар жұмысшылардың құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқарады. Олар еңбек шарттарын жақсарту, жұмысшылардың жалақысын көтеру, еңбек жағдайларын жақсарту бойынша жұмыс жүргізеді. Еңбек қауіпсіздігі мен қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда арнайы мемлекеттік бағдарламалар мен стандарттар енгізілген. Олардың міндеті – өндірістегі жарақаттар мен зиянды әсерлерді азайту.

Қазақстанда кәсіби білім беру жүйесі жұмысшы мамандықтарын дамытуға бағытталған. Кәсіптік колледждер мен жоғары оқу орындары арқылы жұмысшыларды даярлау жүзеге асырылады. Бұл жұмысшылардың біліктілігін арттыру мен еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатуға ықпал етеді.

Қазақстанда жұмысшы мамандықтарын қолдау мақсатында әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мысалы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы жұмыс орындарын ашу және жұмыссыздықты төмендетуге арналған.

«Қазақстанда жұмысшы мамандықтарын әлеуметтік қорғау жүйесі біртіндеп дамып келеді, бірақ әлі де жетілдіруді қажет ететін аспектілер бар. Жұмысшылардың құқықтарын қорғау, еңбек шарттарын жақсарту және әлеуметтік қолдауды күшейту – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті» дейді сарапшылар.

 Жұмыстың жұманы жоқ

2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануы, шындығы керек, қаншама жұмысшы маманның еңсесін бір көтеріп тастады десеңізші. Атаулы жыл аясында елдің көңілінен шығатын біраз игілікті істер атқарылады деп сенеді олар.

Адам баласы өмірде үш нәрседен қателеспеуі керек болса, соның бірі мамандық таңдау екен. Бүгінде өндірістің түрлі салаларында біліктілігі жоғары жұмысшыларға сұраныс көбейіп келеді. Қоғамның қай сатысында болмасын, жұмысшы мамандықтардың арқасында ел экономикасы дамып, еңбек өнімділігін арттыру бойынша мемлекеттік маңызды тапсырмалар орындалуда.

Жұмысшы мамандықтар күнделікті өмірдегі ең қажетті сала десек артық емес. Тұрмыстық техникадан бастап, техникалық құрылғылардың өзін жұмысшы мамандық иелері басқарып, іске қосады. Олар – білімімен де, білектің күшімен де еліміздің мемлекет болып қалыптасуына атсалысқан, атсалысып жүрген, атсалыса бермекші адамдар. Мәселен, құрылысшы мен дәнекерлеуші болмаса, үй де, ғимарат та тұрғыза алмайсыз ғой. Бірақ қоғамда олардың жұмысы ең қажетті болғанына қарамастан, соңғы жылдары бұл мамандықтарды құнсыздандырып алдық. Кез келген білікті құрылысшының өзі еңбегі үшін базарда жүргендей саудаласып, дәнекерлеушілер тұрақты жұмыс таппай қиналғанын көрдік. Бұл саланың мамандарын бағаламасақ, болашақта елде тек шетелден келген иммигранттарға тәуелді боларымыз анық. Кейбір жастарымыз, тіпті, 9 сыныпты бітіре сала кәсіптік білім беретін тегін колледждерге тапсырмайтын болғаны да рас. Президент Жолдауында осы саланың мәртебесін көтеру мәселесі де қозғалды.

Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда енді еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер жоғары бағалана бастамаққа керек. «Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі» деген болатын Президент. Айтылғандай, кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет.

Түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет – сыйдың ең үлкені. Өйткені, бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен адал еңбек бағаланғаны абзал. Еңбегінің бағалануы әрбір кәсіп иесі – жұмысшының мерейін өсіріп, мәртебесін асырарына сөз жоқ.

Ашық дереккөздердің ақпаратына сүйенсек, өткен жылдың ішінде 135 мың отандасымыз шетелде жұмыс істеген. Дамыған мемлекеттерде ауыл шаруашылығы, су, балық шаруашылықтарында еңбек ететін қарапайым жұмысшылардың жалақысы әлдеқайда жоғары. Осыған сәйкес бұл салалардың сұранысы басым. Жат жерде даяршы, бала күтуші, терімші болып жүрген қаракөздеріміз бүгінгі қоғамға тапшы қарапайым мамандықтарды тегін меңгеріп алса, елге де, өзіне де пайдалы. Бірақ, мәселенің түйткілі қолайлы еңбек шарты мен жалақыда екені әмбеге аян. Сондықтан Президент Жолдауында атап өткендей, қарапайым еңбек адамдарының мәртебесі артып, шетелде жүрген мыңдаған қазақстандыққа өз елінен жұмыс табылуына тілекшіміз.

Тобықтай түйін

«Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық» дейтін қазақ үшін мамандықтың жаманы жоқ. Әркім өз  ісінің шебері бола білсе, Абай айтқандай, өмірге кетігін тауып қаланары кәміл. Осы орайда жұмысшы мамандығының мәртебесі арта түсуі жақсылықты жайттарға септесеріне сөз жоқ. Кезінде темірден түйін түйген деп дәріптеген токарь, балтасы мен балғасын серік еткен ағаш шебері, мұнараны қолдан құрастыратын темір пісіруші, құбыр бойының қыр-сырын білетін слесарьлар қазір де керек.

Жоламан Дәулетияр

Исатай ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT