Атырауда мұнай-газ саласына арналған жабдықтар шығаратын «Beruseal Caspian» зауытының ресми ашылуы өтті. Бұл – отандық өндірісті дамыту және ірі мұнай-газ жобаларындағы отандық тауарлардың үлесін арттыру жолындағы маңызды қадам.
Бұған дейін Мемлекет басшысы отандық өндірісті дамыту, жаңа технологияларды тарту және жұмыс орындарын құру міндетін айтқан еді. Бұл зауытты іске қосу импортқа тәуелділікті төмендетуге және жергілікті кәсіпорындарды дамытуға серпін бермек. Жаңа кәсіпорында құбырларға арналған жылдам ажыратылатын қысқыштар мен оларды жөндеуге арналған композициялық материалдар өндіріледі. Бұрын бұл жабдық шетелден сатып алынатын, енді ол өзімізде шығарылады.
2021 жылдан бастап еліміз мұнай-газ саласындағы отандық өндіріс үлесін ұлғайту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінде халықаралық инвесторлар және жабдық өндірушілермен 24 келісім жасалып, 27 локализация жобасы әзірленді, олардың ішінде 7 зауыт іске қосылды.
Мұндай зауыт жақында Оралда да ашылған. Құны 1 млрд теңге болатын жоба Желаева елді мекеніндегі өнеркәсіптік аймақ аумағында орналасқан. Компанияға 2,5 гектар жер телімі мемлекеттік қолдау аясында берілген. Қазір кәсіпорын 120 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Энергетика министрлігінің хабарлауынша, АҚШ, Германия, Италия, Оңтүстік Африка және Оңтүстік Корея елдерінің компаниялары біздің елде мұнай-газ саласына арналған тауарлар өндіретін кәсіпорындарын ашуға мүдделі. Әлеуетті серіктестер қатарында германиялық «Leser», оңтүстікафрикалық «Beruseal», америкалық «John Crane» компаниялары бар.
Сонымен қатар алдағы үш жылда желдету жүйесін өндірумен айналысатын оңтүстіккореялық «Hi Air Korea», америкалық мұнай сервистік компания «Slb» және «Baker Hughes», мұнай-газ саласына арналған бөлшектер өндіретін италиялық «Breda Energia», экологиялық және өнеркәсіптік құрылғыларды жеткізумен айналысатын америкалық «Flowserve», сұйық және газ жүйелері үшін тауар өндіретін америкалық «Swagelok» компаниялары елімізде өндірістік нүктелерін ашуы әбден мүмкін. Егер мәмілелер сәтті жүзеге асса 100-ден аса жаңа жұмыс орыны құрылып, 17,5 млн доллар көлемінде инвестиция тартылады.
Бір айта кетерлігі, жоғарыда айтылған компаниялар отандық нарықта қазірдің өзінде жұмыс істейді. «Swagelok» өкілдігі 2012 жылдан бастап жұмыс істесе, «Flowserve», «Leser» және «Breda Energia» компанияларының ресми өкілі болып жергілікті «Баум» компаниясы есептеледі. «Baker Hughes» компаниясының серіктесі – «Атырауэнергоремонт». Компания мұнай-газ өнеркәсібіндегі механикалық жетектерге, компрессорларға және энергия өндіруші жабдықтарға қатысты қызметтерді жеткізу саласында табысты жұмыс істейді. «Baker Hughes»-тің басым акциясы америкалық «General Electric» корпорациясына тиесілі.
2024 жылы мұнай-газ компаниялары жергілікті тауар өндірушілермен және жеткізушілермен жалпы сомасы 240 млн доллар болатын 20 келісімшартқа қол қойған. Сонымен бірге әлемдік өндірушілермен бірлесіп 5 жаңа өндіріс іске қосылды.
Отандық компаниялардың серіктесіне айналған ірі өндірушілер қатарында германиялық WIKA (манометрлер, диафрагмалық тығыздағыштар, электрлік кедергі термометрлері және термопаралар шығарады), америкалық «Honeywell» («Borkit Safety»-мен бірге газ детекторларын, «Orbis Group»-пен бірге жарылысқа қарсы басқару жүйесінің шкафтарын шығарады) компаниялары бар. Италиялық компаниялар өшіру арматурасын («PetrolValves») және жарылыстан қорғалған электр тарату қораптарын («Sigma Solutions») өндіруде ынтымақтастық орнатқан.
Абай АЙМАҒАМБЕТ, EQ