Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Миялыда жаңа жобалар жүзеге аспақ

Жақында «Арман» мәдениет үйінде Миялы ауылдық округі жергілікті қоғамдастық жиыны өтті.

Жиынның төрағасы мен хатшысы сайланғаннан соң, күн тәртібіне қойылған 10 мәселе қаралды. Алдымен Миялы ауылындағы орталық стадионды реконструкциялау жобасы және спорт алаңының құрылыс жобасы туралы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Дулат Нығметовтың хабарламасы тыңдалды. Бөлім басшысының хабарламасынан білгеніміздей, орталық стадионға 2012 жылы жөндеу жүргізіліп, қоршаулары жаңартылған. Футбол, волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика алаңдары болғанымен, толық жағдай жасалмаған. Ал, жаңа жоба бойынша алаңның жалпы көлемі 2,52 гектар. Онда үлкен және шағын футбол, стритбол, жаттығу алаңдары, 100 метрлік және айналма жүгіру жолдары, 500 орындық трибуна, биодәретханалар бар.

Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, сараптаманың оң қорытындысын алды. Ал, жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, сараптамадан өтіп жатқан жаңадан салынатын спорт алаңында воркаут, тротуар, жасанды көгалды футбол алаңымен бірге, волейбол, баскетбол алаңдарын салу көзделген. Бұдан кейін хабарламашы облыстық бюджет арқылы қаржыландыруға ұсыныс беру үшін қоғамдастық мүшелеріне жобаны қарап, келісім беруді сұрады. Хабарламадан соң қоғамдастық мүшесі Мәлік Сүлейменов орталық стадионның жаңа жобасында ұзындыққа, биіктікке секіру, найза, ядро, диск лақтыру алаңдарының қамтылмағанын тілге тиек етіп, аталмыш алаңдарды жобаға қосуды ұсынды. Көтерілген ұсыныс қоғамдастық мүшелері арасында талқыға түсіп, құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында жоғарыда аталған алаңдарды іске асыруға келісті.

Ал, үшінші мәселе ауылішілік автокөлік жолдарын күрделі жөндеу жобасы бойынша хабарлама жасаған аудандық тұрғын үй-коммуналдық-шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Ерсағын Құмаровтың айтуынша, жоба бойынша 11079,20 шақырым ауылішілік автокөлік және жаяу жүргінші жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Олардың ішінде А.Құнанбаев, Ж.Жабаев, Қ.Аққуов, А.Сабыров, Т.Қарабалин, Қ.Сәтпаев, У.Жайықов, С.Үсенов, Қ.Тасжанов, Д.Қуанышев, Қ.Сағырбайұлы, Бөкен би, Қазыбек би көшелері бар.

Бүгінгі таңда жол құрылысының жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, сараптамадан өтті. Айта кетсек, жоғарыдағы үш жобаға қаржы бөлінсе келесі жылы «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады деп күтілуде. Сондай-ақ, жиында А.Сарбөпе атындағы саябаққа күрделі жөндеу жүргізу, парк құрылысын салу, жаңадан салынатын қоқыс алаңына қоршау жүргізу, «Жасұлан», «Балдырған», «Нұр-Шуақ» балабақшаларын облыстық білім беру басқармасының коммуналдық меншігіне беру, Миялыдағы су айдау мұнарасын реконстракциялау, ауылішілік су құбырлары мен «Қарасу» су қоймасындағы төрт ұңғыманы «Қазсушар» РМК-ның Атырау облысы филиалының Қызылқоға өндірістік учаскесіне беру туралы Миялы ауылдық округінің әкімі Сәндібек Салықовтың хабарламасы тыңдалып, қоғамдастық мүшелерінің келісім беруімен бекітілді.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521