Миялы ауылдық округінде құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында көптеген жұмыстар атқарылуда.
Округте өткен жылы 47 көше толықтай жарықтандырылып, оорталық көшелерге 6 дана IP бейнекамерасы орнатылды. Биылғы жылы қосымша 4 дана камера орнату жоспар да бар. Бұл орайда, жеке кәсіпкерлер де өз сауда орындарына бейнебақылау камераларын қондырғанын айта кетейік. Ал, ауылдың тыныштығын №1 учаскелік полиция пункітінде 3 учаскелік полиция инспекторы күзетеді. Олардың барлығы бүгінде бейнетіркегіш құрылғылармен, басқа да қажетті жабдықтармен толықтай қамтылды.
Жол жүрісі саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын-алу мақсатында өткен жылы «Жол ережесін білейік, аман-есен жүрейік», «Абайлаңыз балалар», «Абайлаңыз жаяу жүргінші» атты іс-шаралар өтіп, оқушыларға жол жүру ережелері түсіндірілді. Сондай-ақ, алкогольдік ішімдіктер мен есірткіні қолдануға теріс көзқарасты қалыптастыру мақсатында, аудандық спорт мектебінің ұйымдастыруымен 5 ірі көлемдегі әртүрлі спорттық жарыс өткізілгенін айта кеткен жөн.
Округте терроризм, діни экстремизм идеологиясын жақтаушы сотталғандар тіркелген жоқ. Бұл бағытта учаскелік полиция инспекторлары тұрақты түрде бақылау жұмыстарын жүргізуде.
Қорыта айтқанда округ көлемінде қылмыстың және құқық бұзушылықтың алдын-алу, болдырмау, олардың жолын кесу бағытында аудандық полиция бөлімімен және басқа да қоғамдық құрылымдармен бірлесіп, өз қызметімізді атқара беретін боламыз.
Сәндібек САЛЫҚОВ,
Миялы ауылдық округінің әкімі