Бұл туралы ол Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың алғашқы секциясында айтты.
Оның пікірінше, елімізде ұлттық спортымыз бірінші қатарға шығуы керек.
«Мәселен, жеті номианция бойынша «Құлагер» бәйгесі жарияланып жатыр. Яғни, ұлттық ойындарымызды, ата-бабадан мирас болып келе жатқан салт-дәстүрлерімізді ұлықтау үшін қазақ әдебиетінде жаңа көркем шығармалар анықталады. Ал, біз, жазушылар, Қазақстанда көркем шығарманың деңгейін көтеруге жұмыстанамыз. Соған сіздердің де пікірлеріңізді білсек дейміз. Жасыратыны жоқ, бүгінде қазақ әдебиетінің басқа әдебиеттерге қарағанда кемшін жерлері көп. Әсіресе, прозадан шығармаларымыз, поэзиядан мықты өлеңдеріміз шетел тіліне дұрыс аударылмай жатыр. Осы мәселелерді де назардан тыс қалдырмауымыз тиіс» деді ол.
Сондай ақ, ол Бейбарыс пен Махамбет ғылыми орталықтарын ашуды ұсынды.
«Көненің көзі саналатын Сарайшыққа ұдайы маңыз беріп отырамыз. Десек те, Сарайшықтың зерттелу жағы, құндылықтарын дәріптеу жағы әлі жетіспейді. Жалпы, мұнайлы өлкеде екі нәрсе қолға алынуы тиіс.Оның бірі – Бейбарыстың ғылыми орталығы болуы қажет деп есептеймін. Былтыр біз араб елдерінде болған кезімізде сондай орталық құрылған еді. Сол кезде арабтық әріптестер оны Қазақстанмен бірлесіп құруға ынталы болды. Өйткені, ғалымдарды жіберу, қаржыландыру жайы да қамтылған еді. Күні бүгінге дейін бізде Абайды, оның шығармаларын зерттеуге байланысты көптеген орталық ашылды. Дегенмен, біз дауылпаз ақын Махамбетті жадымыздан шығарып алғанымыз өкінішті. Сол себепті, оған да бір орталық керек сияқты. Меніңше, Атырау өңіріндегі жоғары оқу орындары осыған жете көңіл бөлуі керек. Әрине, тек университеттер емес, облыстағы мәдениет басқармасы, басқа да орталықтар осы мәселені қолға деген ұсынысымыз бар» деді Мереке Құлкенов.