Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«Менің жұмысым халықтың көз алдында»

Ауылдың ахуалынан хабардар болған соң, округ әкімі Амангелді Бағдаровпен ауыл тұрғындарының әл-ауқаты, тұрмыс тіршілігі, ауыл әкімінің беделі жөнінде сұхбат жүргізгенді жөн көрдік.

- Амангелді Оразбайұлы, аталмыш округке әкім болып сайланғаныңызға төрт ай ғана уақыт болды. Ауылдағы қандай мәселе мен бетпе-бет келудесіз? Бүгінгі ауыл тұрғындарының жағдайы қалай?

- Дұрыс айтасыз, округ әкімі болғаныма аз ғана уақыт болды. Барлық түйткілді мәселелердің күрмеуін шештім деп айта алмаймын. Бастамамыз жаман емес сияқты. Ауылда 1578 тұрғын бар. Оның ішінде аз қамтылған 28 отбасы, мүмкіндігі шектеулі 82 адам есепте тұр. Әкім болып келгенде ауыл халқының жаз айларында ауызсу тапшылығына кезіктім. Ауызсу қажеттілігі үшін ауылдағы жарамсыз қалған төрт ауызсу құдығы тазаланып, ретке келтіріп тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді. Сонымен қатар, ауызсу жүретін мезгілде рейдке шығып, әр үйді қарау барысында кейбір тұрғындардың ауызсуды малға, құрылысқа пайдаланатындығын кездестік. Соған сай, тұрғындарға түсінік жұмыстарын жүргізіп, әр үйдің сумен қамтылуына көмектестім. Сонымен қатар, Ойыл ауылдық округінен тұрғындарға ауызсу тасымалданды.

- Ауыл әкімі беделін көтеретін басты құндылық, халықтың сұранысын арттырып, мейлінше жақын болу. Ал, сіз алдағы уақытта округте қандай жұмыстар атқару ойыңызда бар?

- Ауыл тұрғыны өз мәселесін арқалап ауыл әкіміне келетіні белгілі жайт. Ал, әкімнің соған сай нәтиже көрсетсе ғана халықтың көзқарасы оң болары сөзсіз. Демек, әкім ауыл халқының қажеттілігі мен мәселесін теңдей ұстап, жүйелі жұмыс жасауы қажет. Сонда ғана ауыл әкімінің беделі көтеріледі деп ойлаймын. Қазіргі таңда тазалық жұмыстары бойынша 10 дана тұрмыстық қалдықтар және 22 дана қатты тұрмыстық қалдықтар салатын контейнерлер ауылдың тоғыз көшесіне қойылды. Округтің кірме жолының 1000 метр бөлігін жарықтандыру үшін 1452 000 теңгеге жобалық сметалық құжаты жасақталып, сараптамадан өтуде. Ауыл көшелерін жарықтандыру мақсатында 50 дана көше лампалары ауыстырылып, 270 000 теңгеге 15 дана қосымша прожектор алу үшін жеке кәсіпкермен келісімшарт жасалды.

- Жалпы, қыстақтарға газ жүргізуге не кедіргі болып отыр?

- Жангелдин ауылдық округінде елді мекен жоқ. Округке қарасты 55 шаруа қожалығы бар. Қыстақтарға елді мекен статусы берілмегендіктен және қыстақтардың округке ең жақыны 15-16 шақырым жерде орналасқандықтан қазіргі таңда газ желісін тарту қарастырылмаған. Дегенмен де, жыл басынан бері қыстақтар күн көзінен қуат алу батареяларын орнатты.

- Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында да баспана мәселесі көтерілген. Соған сай, баспана сұраған Бағдагүл Қайыңбай, Алпысбай Мұқашев сынды ауыл тұрғындарының тілегінің орындалуына қаншалықты жұмыс жүргізілуде?

Жалпы, округте алдағы уақытта баспана салу, оның ішінде баспаналары жарамсыз тұрғындарға баспана салып беру мәселесі қарастырылған ба? - Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына жолдаған Жолдауымен етен таныспын. Соған сай, жұмыс жасауға да кірісіп кеттік. Округ бойынша жеті тұрғынның үйі апатты жағдайда деп танылып, үй кезегінде тұр. Былтырғы жылы Г.Қазиева мен А.Мұқашев кезекке қойылса, биыл округтегі Қ.Өтемұратов көшесінде орналасқан сегіз үйлік пәтердің бес тұрғыны тұрғын үй кезегіне тіркелді. Оның ішінде Бағдагүл Қайыңбай да бар. Алдағы уақытта тұрғын үйлері апатты деп танылған тұрғындарға үй салу үшін аудан әкіміне ұсыныс берілді.

- Миялы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары 2012 жылы жүргізілген. Қазіргі таңда, мектеп жөндеуді қажет етіп тұр. Мектепке күрделі жөндеу қашан жүргізіледі деп жоспарлануда?

- Әрине, Миялы орта мектебінің көптен бергі мәселесі 4 блоктың іске қосылуы еді. Ол жүзеге асып пайдалануға берілген. Ал, енді жөндеу жұмыстарына келсек жобалық-сметалық құжаты жасалып сараптамаға берілді. Қаржы бөлінсе келер жылы жөндеу жүргізілетін болады.

- Ауылға қазір дене шынықтыру-сауықтыру кешені қажет. Мәдениет үйінің жанындағы ескі спорт залының жағдайы мәз емес. Бұған не дейсіз?

- Қазіргі таңда округтегі балалар спорт мектебін күрделі жөндеуден өткізу үшін ақаулық акт жасалды. Алдағы уақытта қаражат бөлінсе, жобалық сметалық құжаты жасақталатын болады. Биылғы жылы жылу қазаны ауыстырылды.

- Ауылдың белгілі бір бөлігінде ғана тас жол төселген. Орталық бір көшені түгелімен тас жол қылуға мүмкіндік жоқ па?

- Округте тоғыз көше бар. Оның екі көшесі Д.Асанғалиев көшесінің 250 метріне, М.Лұқпанов көшесінің 210 метріне және жаяу жүргіншілерге арнап 1000 метр жерге тас жолы төселген. Қалған 8400 метр жерін қатқыл табанды жол және жаяу жүргіншілер жолын төсеу үшін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне сұраныс берілді. Алдағы уақытта округтің барлық көшелеріне түгелдей қатқыл табанды жол төселеді деп ойлаймын.

Түйін.

Кез келген істе ізденіс пен нәтиже болғанда ғана алға өрлеу болады. Осы орайда, Жангелдин ауылдық округіндегі мәселелермен қатар, өзекті жайттардың да басы-қасында болдық. Ауыл тұрғындарына баспана, көшесіне тас жол, спорт кешені, саябақтар сынды мәселелер шешімін тапса ғана ауыл көркі ажарлана түсетіні сөзсіз. Бұл ретте, округ басшылары белсене жұмыс жасайды деген сенімдеміз.

Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT