Бүгінгі күні Ойыл өзенінің тартылуы өзекті мәселе болып отыр. Өйткені жылдан-жылға тартылып, кеуіп бара жатқан өзенде балықтар қырылып, экологиялық апаттық жағдайда тұр деуге болады. Егер бұл ахуал өзгермей, қайталана берсе ұзындығы 800 шақырымды құрайтын Ойыл өзенінің бойы шөл далаға айналуы бек мүмкін. Кеуіп бара жатқан өзенді құтқарудың жолдары бар ма? Қайткенде арнаны суға толтыра аламыз? Міне, осы сауалдарға жауап іздеп, білікті мамандармен, Ойыл жанашырларымен пікірлескенді жөн көрдік.
Адами фактор бар
Қазіргі таңда Ойыл өзенінің бастауынан арнаға құйылатын су көлемінің азайып келе жатқаны анық. Мұны мамандар климатқа байланыстырып, тоң болмағандықтан түскен ылғалдың барлығы да жер астына сіңіп кетуде деп түсіндіруде. Алайда, барлығын табиғатқа жауып, қол қусырып қарап отыруға болмайды. Ең бастысы бұл мәселені аяқсыз қалдырмаған жөн. Халықтың жанайқайы мәслихат депутаттар, жергілікті атқарушы органдар арқылы облыс басшылығына, одан ары Үкіметке жетуі тиіс. Ал, Үкімет өз кезегінде тиісті шараларын алары хақ. Бірақ оған біраз уақыт қажет екенін білуге тиіспіз. Өзен суларының азаюы тек Ойылға ғана емес, сол секілді Сағыз және Жем өзендеріне де тән. Сондықтан алдымен Ойыл өзенінің мәселесі шешілсе, сол тәжірибені Сағыз бен Жем өзендеріне де қолдануға болады. Сондықтан өз қолымыздан келетін шараларды ұйымдастыра беруіміз керек. Бүгінгі таңдағы мәселе бар суды тиімді пайдалану, яғни арнадағы азғантай судың өзен сағасына дейін ағуына кедергі болатын қолдан жасалған және табиғи бөгеттерді алып тастау. Бұдан басқа амал жоқ. Біреулер «Өзен арнасын бұған дейін ешкім де тазалаған жоқ. Сонда да су келіп тұрды ғой» деген пікірлерін білдіреді. Біле білсек ол кездерде су мол болды.
Мәселен 1993 жылғы су тасқыны бәрінің де есінде болар. Судың молдығынан жолындағы кедергілерді бұзып, Миялы ауылына кіріп кеткен жоқ па?! Өзен суы сол кездегідей тасығанда арна бойын тазалап, жолдағы кедергілерді шайып кетері анық. Енді ондай су бола ма, болмай ма белгісіз. Тағы да тасқын су болар, бірақ соңғы үрдіске қарағанда су мөлшері көбейеді деп ойламаймын. Сондықтан негізгі мақсат - өзен бойындағы бар суды өзен сағасына дейін жеткізу. Бұлақ көздерінің екі түрі бар. Бірінші, бастаудағы бұлақтар бар, биікте тұрған. Ол бұлақтар Мұғалжар тауының жер астына сіңген сулардан құралады. Тау топырағына сіңген сулар деңгейі көтерілген соң қысыммен төменнен жарып шығып, бұлақтар тізбесін құрап, одан шағын көлдер пайда болады да ары қарай өзен арнасына құйылады.
Бұдан басқа төменде де бұлақтар бар. Тасқын кезінде өзен арнасынан асып жайылаған су жерге сіңеді де жерасты су қорларын толықтырады. Бұл су сазды жерлерде көп жайылмағанмен құмайтты жерлерде қанатын кеңге жаяды. Ал, биылғыдай өзен суының деңгейі түскен мезгілде жерастына кеткен сулар өзенге қайта құйыла бастайды. Бірақ бұл бұлақтар қысымсыз жайлап ағады. Осы жайылма бұлақтарды Ойыл өзенінің жоғары жағында тұратын ауыл жігіттері күрекпен қазып, аршып жатырғанын WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы жіберуде. Аршылған жерден судың жайлап ағып жатқанын көруге болады. Егер қазып жатқан арнаны бір-екі метр тереңдетіп қазса көктем мезгіліндегі тасқыннан жайылған су арнаға қайта құйылады да өзеннің арнасын судан үзбеуге мүмкіндік берер еді. Әрі ағыс болады да су шірімейді. Сондықтан азғантай суды өзен сағасына жеткізу үшін өзен арнасын тазалап, кейбір жерлерін тереңдетуге тура келеді. Мұның дәлелі үшін өзен арнасындағы суы бар шүңейттерді айта аламын.
Өйткені бұл шүңейттердегі судың жерасты суларымен байланысы бар. Бірақ бұл шүңейттер мал тезегіне, түрлі өлекселерге толы. Өйткені, суатқа келген мал су ішіне тезек тастап, зәр сындырады. Батпаққа ұймалап ажал құшатындары да бар. Міне, осы шүңейттердегі шіріген суды ішкен малдың ауруға шалдығатыны анық. Ал ауру малдың етін жеген адамдардың да ауырмасына кім кепіл?! Қызылқоға малының еті бүкіл облысқа тарайтын болғандықтан, облыс халқы ауруға шалдығады деген сөз. Яғни, шіріген су – ауру мал – ауру адам. Міне, мұның қаупі сонда жатыр. Сайып келгенде мұның артында адам тағдыры тұрғанын түсініп, жағдай одан ары ушықпай тұрғанда шұғыл шаралар алу қажет. Ол үшін мал су ішетін шүңейттердегі лас су сорғымен (насос) сорылып қашыққа төгілгені дұрыс. Сонда шүңейт астынан қайтадан су өніп шығып, жаңарады. Бұдан кейін суаттарға мал түспес үшін айналасын қоршап, астау орнатқан абзал. Мұны іске асыру үшін халықтан қаржы жинаймын деп уақыт өткізбей, жергілікті бюджеттен қаржыландырылса құба құп. Немесе ұңғымалар қазу арқылы жерасты суын пайдаланып, мал суару пункттерін ұйымдастыруға да болады. Өйткені мұның артында адам факторы тұрғанын түсінуіміз керек. Бүгінгі жағдайда малдың басын сақтау емес, бар малды ауру қылмай адамдардың саулығын сақтап қалу мәселесі тұр.
Едіге САБУРОВ,
гидрогеология өндірісінің ардагері, Атырау қаласы
Арналарды тазалау қажет
Көршілес Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Талдысай ауылдық округінен бастау алатын Ойыл өзенінде бүгінгі таңда экологиялық апатты жағдай қалыптасып отырғаны баршаға аян. Ұзақ жылдан бері өзен арнасын басқан қамыс-қоға, құба талдардың тазартылмауынан судың ағысының тежеліп, өзен бойында отырған шаруа қожалықтарының заңсыз бөгеттер салуы және жер асты мұнайын игеру жұмыстары экологиялық апатқа жол ашып отыр. Су келмегесін өзеннің арнасы кеуіп, балықтар қырылып, шіріген суды ішкен малдар түрлі ауруға ұшырауда. Биылғы жылы Ойыл өзенінің бір саласы Жарыпшыққан арқылы Тайсойған жер асты су қоры толтырылмағандықтан ауызсу мәселесі де өте өзекті болды. Оған дәлел ретінде жаз бойы құбырлардан су жүрмей, Миялы, Жангелдин ауылдарының тұрғындары ауызсу іздеп, құдық жағалап кеткенін айтуға болады. Мамандардың айтуынша, алға қарай да Ойыл өзені арқылы су келмейтін болса, Қызылқоға ауданында алты-жеті жылдан кейін тұщы су көздері бітіп, ел ата қонысынан жайлы мекен іздеп, үдере көшуі мүмкін. Сондықтан, аудан халқының басына түскелі тұрған қиыншылықтың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар ұйымдастыруымыз қажет. Өткен айда Ойыл өзені бойында қандай кедергілер бар екенін және қалыптасқан экологиялық ахуалды зерттеу мақсатында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен құрылған экспедициялық топ үш күндік зерттеу жұмыстарын жүргізген еді. Сол кезде өзен арнасын қамыс, қоға, құба талдардың басқанын, бұлақ көздерінің бітелгендерін, кейбір пысықайлардың ағып жатқан бұлақ бойын бөгеп тоған жасап қойғандарын байқадық. Бұл ретте, Ойыл өзенін сауықтыру үшін алдымен өзеннің қазіргі мүшкіл халін Үкіметке жеткізіп, өзенге кешенді түрде геологиялық және гидрогеологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуге қол жеткізуіміз керек. Зерттеу жұмыстары жүргенше қол қусырып қарап отырмай Ойыл өзенінің арнасын және оған құятын өзендер мен жыралардың бойын тазалап, бітеліп қалған бұлақ көздерін тауып, ашқан жөн. Бұл іске үлкен-кіші демей туған жерін сүйетін азаматтарың барлығы да жұмылуы тиіс.
Сондай-ақ, Ойыл өзеніндегі заңды салынған «Тамдыкөл», «Ералы» су торабынан басқа бөгет кедергілер бұзылуы тиіс. Ал, Ойылдың экологиясын бүлдіріп, қыс мезгілінде арнасын аула, қамыс-қоғасын ықтасын жер ретінде пайдаланып отырған жеке қожалықтарды 5-6 шақырым қашықтыққа көшіру керек деп есептеймін. Бүгінгі күні Ойыл өзенінің бойына қоныстанған көршілес Ақтөбе облысының Темір, Ойыл ауданының тұрғындары өз күштерімен бұлақ көздерін аршып, тазалап жатыр. Олар әрбір атқарған істерін WhatsApp әлеуметтік желілерге жүктеп, атқарған істерін көрсетуде. Аршылған бұлақтардан сылдырлай аққан суды көргенде қолға алған ісіміздің дұрыс екенін пайымдаймыз. Егер бұлақ көздері түгел аршылса арна бойына су келіп, оның үзілмесі анық.Сондай-ақ, құлсарылық азаматтардың Жем өзені бойындағы кедергілерді алып тастап, бұлақ көзін ашқандықтан су арна бойымен төменгі сағасына келуі де менің бұл ойымды нақтылай түседі. Аталмыш аудан азаматтарының бұл ісі Ойыл өзені бойында орналасқан сіз бен бізге үлгі болуы тиіс. Олардың бұл бастамаларына қызылқоғалықтардың да белсенді түрде атсалысқаны жөн. Туған өлкесінің болашағына бей-жай қарамайтын әрбір жан ауыл болашағы үшін еріктілер қатарынан табылып, өзен арнасын тазалауға қатысса деймін. Әрине, аталған жұмыстар аз ғана табиғатқа жанашырлардың тобымен шешілмейтіні белгілі. Оның оңтайлы шешілуі үшін Үкімет деңгейінде қаржы қаралып, зерттелген, жоспарлы жұмыстар атқарылуы тиіс. Егер, бұл іске Үкімет тарапынан көңіл бөлінбесе, соңы ауыр зардаптарға (ауыз су тапшылығы, төрт түлік малын суаратын су таба алмағандықтан қолайлы аймаққа үдере көшу, т.б.) орын алуы мүмкін. Ендеше, атқарылып жатқан жұмыстарды құптап қана қоймай, қолдан келген көмегімізді көрсетіп, өзенімізді құтқаруға атсалысайық, ағайын!
Есенбай НҰРОВ,
Миялы ауылының тұрғыны
Теңіз тамшыдан құралады
Бәрімізге белгілі Атырау облысында бір, көршілес Ақтөбе облысында үш ауданның ортақ қазынасы Ойыл өзенінің тартылуы ең өзекті мәселеге айналып отыр. Өзеннің бастауында отырған жергілікті тұрғындар судың тартылуының негізгі себебін табиғаттың өзгеруінен деп түсіндіреді. Сонымен бірге өзен бойындағы бұлақ көздерінің түгелдей дерлік бітелуі де арнадағы судың азаюына өз септігін тигізіп отыр. Мұны біз екі күндік «Қиыл-Ойыл» экспедиция барысында байқадық. Оған қоса Ойыл өзенінің, оған келіп құятын Қиыл өзенінің бойын қамыс, қоға өсімдіктері басқан. Бұл да өз кезегінде бұлақ көздерін бітеп, судың ағуына кедергі келтіретіні даусыз. Ойылға келіп құятын өзендердің ішінен ең ірісі Қиыл өзені болғандықтан оған да аршу, тазалау жұмыстары бірге жүргені абзал. Негізінде Ойыл өзенінде судың көбейіп тасуына жылдық жауын-шашынның түскен мөлшері әсер етсе, жаз уақыттарында өзен суының кеуіп кетпеуіне бұлақ көздерінен шыққан сулар мен жазғы жаңбырдың сулары демеу болып тұрған. Сондықтан геологиялық, гидрогеологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жер асты суларының құрамын, көлемін, қорын, тәуліктік бере алатын өнімін анықтау керек. Ойыл, Қиыл бойында қанша бұлақ көзі және өзен арнасында жер асты суларымен жалғасып жатқан шүңейттер бар екенін анықтап, олардың көзін ашқан жағдайда қандай көлемде су бере алатынын зерттеген жөн. Жалпы, барлық құжаттарда Ойыл өзенінің ұзындығы 800 шақырым деп көрсетілген. Мүмкін өткен ғасырларда Ойыл өзені Индер арқылы Жайыққа құйып тұрғанда бұл көрсеткіш дұрыс болған шығар. Алайда Ойылға құятын Қиыл өзенін қосқанда қазіргі таңда негізгі арнаның ұзындығы 600 шақырымнан аспайтыны анық. Бұл санға Ойыл өзеніне құятын барлық ұсақ өзендердің ұзындығын қосқанда 1000 шақырымнан асып кетуі мүмкін. Егер Үкімет тарапынан қолдау болып, қаржы бөлгеннің өзінде осындай территорияға ғылыми жұмыстар жүргізу үшін техникалық тапсырманы (техзадания) дайындау бір жылдай уақытты қажет етеді. Ал, оны ұтып алған компания зерттеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалатын қаржысын қорғауға, жасалған жобаға сай аршу, тазалау жұмыстарын жүргізу үшін бюджетке кіргізуге екі-үш жылдай уақыт керек болары сөзсіз. Жұмысқа кіріскеннің өзінде 1000 шақырымдай арнаны тазалау үшін тағы да екі-үш жыл уақыт жояды дегенде келесі бесжылдықта нәтижесін көре қоюымыз екіталай.
Айта кетсем, ұзындығы 150 шақырымдай болатын Қиғаш өзенін кеңіту және тереңдету жұмыстарына (2017-2020 ж.ж.) 5,4 миллиард теңге бөлінді деген. Орта есеппен есептегенде 1 шақырымға 36 миллион теңге шамасында шығып тұр. Бірақ Қиғашта Ойыл өзені сияқты бұлақ көздерін аршу секілді жұмыстар жасалмаған. Міне, 150 шақырым болатын өзен арнасын тек қана тазалауға қаншама уақыт, қаржы бөлінген. Сондықтан, егер Үкімет жақын арада мұңымызға назар аударып жатса, арнаны түгел тазалап уақыт жоймай-ақ екі өзеннің бастауынан кем дегенде 30-40 шақырымдай тазаласа деген ойым бар. Өйткені басы тазаланып, бұлақтар аршылып көп су жиналып жатса, ары қарай көктемде тасқын судың өзі тазалап кетері хақ. Ал, өзен бастауындағы бұлақтарды көптеп аршып, суды көбірек алсақ жоғарыдан келетін судың да мөлшері көп болады. Алдағы үш-бес жылдықта соңғы жылдардағыдай жауын-шашын мөлшері аз түсетін болса, бұлақ көздерінде де су болмай қалуы мүмкін. Сондықтан, Үкімет қашан зерттеп, өзенді оңалтуға қашан қаржы бөледі екен деп қарап отырмай, бітеліп қалған бұлақ көздерін тауып, тазалау жұмыстарын жүргізе беруіміз қажет деген пікірдемін. Алайда, бұлақтарды аршу осы екен деп, күрекпен қопара қазып жүре беруге болмайтынын ұғынғанымыз абзал. Оның да өзіндік әдісі бар екенін көпшілік біле бермейді. Бұл ретте, Ресей мамандарының тәжірбиесіне сүйенген жөн. Сондай-ақ, әр ауыл азаматтары көнекөз қариялардан кезіндегі бұлақтардың орындарын сұрап, нақтылап алғаны артық етпейді. Аршылған бұлақтардың қайта бітеліп қалмауы үшін құбыр қондырып отырса, тіпті жақсы болар еді. «Теңіз тамшыдан құралады» дегендей баршамыз бұл іске жұмыла кірісіп, бұлақ көздерін көптеп аршысақ Ойыл өзенінің кеуіп қалуынан сақтап қаларымыз анық.
Рауан САБИРОВ,
«ЕмбіМұнайГаз» АҚ-ның жаңа техника және технология департаментінің директоры
Жастар біріксе нәтиже де болады
Ойыл өзеніне құятын Шағырлықұм өзенінің бойында орналасқан Сартоғай ауылында 40 шақты үй бар. Ойыл өзенінің жағдайы бізді де бей-жай қалдырмады. Өйткені Шағырлықұм да Ойылдың кейпін көріп отыр. Табиғаттың әсері ме, қайдам біздің өзеннің тасымағанына бес-алты жыл болды. Қазір арна кеуіп, арнаның шаңы шығып жатыр. Төрт түлік мал ішетін су таппай сенделсе, кезіндегі өзен бойын жайлаған аң-құстан ада болдық. Сондықтан Ойыл өзеніне су келтіру бағытында көтеріліп жатқан мәселеге атсалысуды ұйғарып, ауыл жастары болып өзен бойындағы бұлақтарды аршуды жөн көрдік. Негізі өзен бойында бұлақ көздері көп болған. Оны білетін көнекөз қарттар да қазір жоқ. Өзіміз іздеп жүріп төрт бұлақты тауып, соның бірін аршыдық. Тәжірибенің жоқтығынан болар, бұлақты тазалау бізге оңайға соқпады. Тәжірибеден басқа қол күші де көп керек екен.
Алайда, аршылған жерден сылдырлай аққан суды көргенде ісіміздің текке кетпегенін білдік. Дегенмен бұл бағытта бізге кеңес беретін адамдар болса деймін. Алға қарай қалған бұлақ көздерін аршысақ аққан су бір жерге жиналып, көбейе түсер еді. Басқа да бітеліп қалған бұлақ көздерін іздеп, жұмысымызды ары қарай жалғастыра бермекпіз. «Көп түкірсе көл» дегендей әр ауылдан ерікті жастар жиналып, ортақ іске білек сыбана кіріссе нәтижесін көретініміз анық. Жалынды жастардың көрінетіні осындайда. Сондықтан, жастарды үйде бұйығыланып отыра бермей, ел болашағы үшін біріге еңбек етуге шақырамын.
Есбол МӘУЕНИЯЗОВ,
Ақтөбе облысы Темір ауданы Сартоғай ауылы
Ойыл тағдыры өз болашағың
Ойыл өзенінің қазіргі тағдырына осы өңірді мекен еткен әр азаматтың жаны күйзелуі тиіс. Ойыл өзенінің болашағын өз болашағы деп есептейтін әр азамат өзеннің бойына қайтадан мол су келуі үшін тер төге жұмыстанса деймін. Осыны түсінген ойылдық қорықшылар қауымы да өткен аптада өзен бойын аралап, бітеліп қалған бұлақ көздерін аршып, тазалауды бастады.
Сонымен қатар, Ш.Берсиев ауылы тұрғындарымен бірге Ойыл өзенінің арнасына сенбілік жұмыстарын жүргіздік. Ауданымызда бізден басқа да азаматтар бірігіп, бұл іске белсене атсалысуда. Әзірге он бір бұлақ көзін таптық. Солардың жартысынан сыздықтап су ағып жатса, қалғаны бітеліп қалған. Соның көміліп қалған біреуінің көзін аршыдық. Өзен арнасынан 20-30 метрдей биіктіктен табылған бұлақ көзін аршығанда, су сарқырай ақты. Демек, жер астында қысым бар деген сөз. Қалған бұлақ көздерін де аршып, айналасын мал түспейтіндей қоршасақ олардан аққан су бір жерге жиналады да шағын көлді құрайды. Көлдің деңгейі толған соң одан әрі өзен арнасына ағады. Аршылған бар бұлақтардың суы жиналып өзенге құйылса арнадан қысы-жазы су үзілмесі анық. Ендеше, баршамыз біріге бұлақтарды аршып, арналарды тазартуға жұмылсақ нұр үстіне нұр болар еді.
Серікқали ҚҰЛТЕМІРОВ,
Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Ш.Берсиев ауылы
Міне, пікір білдірген азаматтардың айтар ойы осындай. Қалай болғанда да бұлақ көздерін тазалау кезек күттірмейтін іс болып тұр. Сондықтан, құр әңгімемен уақытты босқа өткізбей, іске көшетін кез жеткенін білген жөн. Бұл орайда, көпшілік атсалысып жатқан ортақ істен аудан жастары да қалыс қалмай, еріктілер тобын құрып қайнаған еңбектің ортасынан табылса дейміз. Өйткені туған өлкесінің болашағы үшін Ойыл тағдырына әркімнің де жаны ауыруы тиіс.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ
Сурет: ашық дереккөзден