Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, ең алдымен, баспана мәселесіне тікелей байланысты. Нарық жағдайында тұрғын үйдің қол жетімділігі адамдардың табысына және осы міндетті өздігінен шешу алу қабілетіне орай жүзеге асады» деген болатын.
Шындығында, ауыл тұрғындарының баспана мәселесі түйткілді болып отыр. Ауылға кірген кезде, оң жағымызда әдемі жаңа үйлер бой көтеріп, жаңа серпіліс байқасақ, сол жағында құлазыған ескі үйге еріксіз назарымыз ауды. Ауылда «8 үйлік» аталып кеткен бұл үйдің сыртқы көрінісінің өзі ескі ғимарат екендігін айқындайды. 1960 жылдары мектеп ретінде пайдаланылса, кейін медпункт, 1993 жылдары үй ретінде тұрғындарға берілген.
Ол туралы осы үйдің тұрғыны, үшінші топ мүгедегі, мұғалім Бағдагүл Қайыңбай былайша баяндайды:
«Үйдің қазіргі жағдайы тұруға жарамсыз. Мен жалғыз басты анамын, желтоқсан оқиғасына қатысушымын және үшінші топ мүгедегімін. Басымдағы баспанамның сыйқы осы болып тұрғанда, жақсы өмір сүріп жатырмын деп айта алмаймын. Әрине, үйді жылына екі рет ақтап, жарылып, арасы ашылған жерін қолмен бітеп шаршадым. Үй сұрап жүргенімнен барлығы да хабардар. Десек те, осы мәселенің күрмеуі әлі де шешімін таппады». Расында, үйдің дәлізіне кірген бетте төбесіне құстар ұя салған. Едендердің ағашы ескіріп, сықыр-сықыр етеді. Сонда «Осындай аналарға көмек қолын созбағанда кімге созамыз?» деген ойда қалдық. Осылайша, ойға берілген біз одан әрі сапарымызды жалғастырып жүргенімізде әр көшеге қоқыс жәшігі қойылғандығын, көшенің тазалығы көз тартатындығын байқадық. Азық-түлік дүкендеріне кірген халықтың санитарлық талаптарын сақтауы да көңілге жақсы әсер қалдырды. Тұрғындардың айтуынша, округ әкімі ауылды аралап, барлығына көңіл бөліп келеді. Бір тұрғын «Келесі көшеде тұратын мүмкіндігі шектеулі, үйі құлаудың алдында тұрған Алпысбай Мұқашев деген азаматтың отбасына үй берілу керек деп ойлаймын» деп бізді сол жаққа қарай нұсқады.
Айтса айтқандай екен. Аталмыш азаматтың үйінің бір жары құлауға шақ тұр. Үйдің астыңғы іргетасы жерге отырып кеткен. Үйге кіріп, Алпысбай ағамыздың өзімізбен сөйлестік.
Ол: «Үй кезегінде тұрмыз. Үйдің қазіргі жағдайы осы. Жаңбыр жаумаса деп отырамыз. Себебі, төбеден аққан су үйдің ішіне құйылады. Баспана Көздіғара ауылдық округінен беріледі деді. Бірақ мен ол үйден бас тарттым. Маған үйдің осы ауылдан берілгені керек» деп назын айтты.
Нұрсәуле СҮЛЕЙМЕН
Сурет: ашық дереккөзден