Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Маңызы айрықша сала

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған соңғы Жолдауында басқа салалармен қатар отандық азаматтық авиацияны өркендетуге де басымдық берілгені белгілі. Оның айқын көрінісі – тек биылдың өзінде республиканың үш бірдей қаласында жаңа әуежай құрылысының басталуы, соның нәтижесінде терминалдардың өткізу қабілетін ұлғайту көзделіп отыр. Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы жыл сайын 150 мың тоннаға жуық жүк тасымалданады.

Алдағы төрт жылда бұл көрсеткішті екі есе ұлғайту жоспарланған. Осы межеге қол жеткізу үшін әуежайлардың жүк тасымалдау мүмкіндігін арттыруға барлық жағдай жасалуы қажет. Осыған назар аударған Мемлекет басшысы алдымен ішкі әуе бағыттарын дамытуға ерекше көңіл бөлу керектігін атап өтті. Бұл, әсіресе, негізгі туристік нысандардың инфрақұрылымын жетілдіру үшін кезек күттірмейтін мәселе, айрықша міндет. Осы ретте өнеркәсіпті дамыту қорының есебінен шағын авиация ұшақтарын сатып алу да жоспарланған. Бұл үрдістің біртіндеп еліміздің барлық өңірлерін, соның ішінде біздің облысты да қамтитынына сеніміміз кәміл. Бүгінде Қазақстаннан халықаралық әуе қатынасы 31 елмен (Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Грузия, Беларусь, Әзербайжан, БАӘ, Сауд Арабиясы, Катар, Иран, Оман, Египет, Кувейт, Оңтүстік Корея, Қытай, Үндістан, Вьетнам, Таиланд, Моңғолия, Камбоджа, Малайзия, Мальдив аралдары, Шри-Ланка, Түркия, Ұлыбритания, Германия, Италия, Нидерланды, Польша, Чехия) аптасына 582 рейс жиілігімен 117 бағыт бойынша орнатылған. Бұл да құптарлық әрі қуантарлық жайт. Ал Атырау халықаралық әуежайының «Ашық аспан» режиміне көшуі – өңірлік авиация саласындағы маңызды қадам. Бұл режим әуе компаниялары үшін қолайлы жағдай жасап, нарықтағы бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде билет бағаларының төмендеуі, жолаушылар ағынының көбеюі және жаңа халықаралық бағыттардың ашылуы күтіледі. Сонымен қатар жаңа әуежай кешенінің салынуы аймақтың логистикалық әлеуетін арттырып, Атырауды транзиттік хаб ретінде дамытуға жол ашады. Бұл өңірдің экономикалық дамуына серпін беріп, инвестициялық тартымдылығын одан әрі арттыруға ықпал етеді.

Нұрпейіс МАҚАШЕВ,

Атырау облысының Құрметті азаматы Сурет: редакциядан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT