Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Масылдықтан аулақ бол, замандас!

Қазіргі таңда елімізде кәсіп қыламын, жұмыс жасаймын деген адамға мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер жасалып отыр.

Осы бағытта түрлі бағдарламалар қабылданып, төмен пайызбен несиелер берілуде. Алайда, біз осы мүмкіндіктерді толық пайдалана алмаудамыз. Оған басты себеп – әлеуметтік масылдық.  Мәселен, кейбір жастар кәсіпкерлік бағытта оқып, кәсіп ашып, ісін дөңгелетудің орнына жеңіл жұмыстарды сұрайды.  Шаруа қожалықтары қыста жәрдемші, жазда шөпші іздейді. Жалақысы да тәуір. Ал, жұмыссыз жастар оған барудан гөрі 40 мың теңге алып, қоғамдықта жұмыс жасағысы келеді.

Жастармен жұмыс жасап жүргендіктен әртүрлі адамдармен кездесеміз, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдаймыз. Сонда көбіне үлкен кісілер келіп, балаларын «Жасыл елге» жұмысқа алуын сұрайды, оқу ақысына көмектесу туралы өтініш айтады. «Балаңыз өзі қайда?» деп сұрасақ «Үйде, жұмыстың хабарын күтіп жатыр» дейді. Меніңше әлеуметтік масылдық осындайдан басталады. Жұмыс керек адам ата-анасын жұмсамай, өзі келіп, қолынан не келетіндігін дәлелдеу керек емес пе? Өкінішке орай, көптеген жастардан ондай ұмтылысты байқамаймыз. Сондай-ақ, біз жыл сайын жазда ағылшын тілі, тігін тігу, құммен сурет салу сияқты қысқа мерзімді семинарлар ұйымдастырамыз. Барлығы тегін. Кейде осы тегін сабақтарға жастарды таба алмай қаламыз. Ал, оқысам, үйренсем деген ниеті жоқ жастар ертеңгі күні қандай маман болады?! Әрине, мен бүкіл жастарға топырақ шашудан аулақпын. Ауданда кәсіптен нәсібін тауып, өз жұмысын жүйелеген жастар да жетерлік. Міне, сондай алғыр да іскер жастар керітартпа жандарға үлгі болса нұр үстіне нұр болар еді...

Нұрбол БИЖАНОВ,

аудандық жастар ресурстық

орталығының директоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521