Бүгінде мал ұрлығының көбейіп, «екі аяқты қасқырлардың» еркінсіп кеткені айтылудай-ақ айтылып жүр.
Тіпті, баспасөз беттерінде жиі-жиі көтерілетін тақырыпқа айналды десек те артық айтқандық болмас. Осы ретте, «Мал ұрлығының алдын қалай аламыз? Оның өрши түсуіне не себеп?» деген сұрақтың қылаң беретіні ақиқат. Әрине, бұл тұрғыда екі жақты пікір бар. Әйтсе де, заңдылық тұрғысынан келгенде көпшілік мал иелерінің еліміздің арнайы бекітілген заңдылықтарын сақтамай, өздерінің маңдай терімен баққан малдарын өнідіріп ала алмай қасқасы қайнайтыны жасырын емес. Сонда заңдылық тұрғысында жоғалған малын ұрылардың қолына ұстатып жібермей, өзінің ақ адал малы екендігін дәлелдеп, өндіріп алу үшін не істеу керек? Осы бағытта мал иесі қандай қадамға баруы тиіс? Міне, біз осы сауалдарға жауап іздегенді жөн көрдік.
Сырғасы жоқ малды іздемейді
Мамандардың түсіндіруінше, мал ұрлығы кезінде ең әуелі жоғалған малдың сырғасы бар немесе жоқтығы тексерілетіні ақиқат. Яғни, мал иесі тарапынан малдарын бірдейлендірудің маңыздылығы жоғары болуы ләзім. Аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Серікбай Латиевтің мәліметіне сүйенер болсақ, мүйізді ірі қара, қой-ешкі және түйе малдарына бірдейлендіру жұмыстары 2010 жылдан, ал жылқы малдарын бірдейлендіру Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрінің 30.01.2015 жылғы №7-1/68 бұйрығымен бекітілген «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларына» сәйкесті, жүргізіліп келеді. 2017 жылға дейін мүйізді ірі малы мен түйелердің әр құлағына бір-бірден екі бірдей аспалы сырға бекітілсе, соңғы үш жылдан бері бір аспалы сырға бектіліп келеді. Қой-ешкінің оң құлағына бір аспалы сырға ғана бекітіледі. Осы сырғалар түсіп қалған, болмаса жоғалған, бүлінген жағдайда малдың иесі жергілікті жердегі ветеринариялық пунктке өтінішпен жүгініп, қайта сырға салдыруы керек. Әрбір мал иесі меншігіндегі малын өз қажетіне пайдаланған жағдайда сол жердегі ветеринариялық пунктке барып малын дерекқор базасынан уақытында шығарып отыруы тиіс. Шаруагерлер мен тұрғындар осы жұмысқа жеткілікті түрде мән беріп, жұмыс уақытында ветеринариялық пунктке барып дерекқор базасындағы малын қарап, түгендеп отырғаны дұрыс.
– Әрбір мал иесі меншігіндегі малына уақытылы бірдейлендіруді жүргізу арқылы мал ұрлығынан қорғана алатынын түсінетін кез келді. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жоғалған немесе ұрланған малды іздемес бұрын ол малдың бірдейлендіруден өткен-өтпегендігін тексереді, мал дерекқор базасында тіркелмесе іздемейді. Қазақстан Республикасы «Ветеринария туралы» Заңының 25 бабында әрбір мал иесіне меншігіндегі малдарына бірдейлендіруді қамтамасыз ету міндеттелген. Аудан бойынша ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру жұмысының бір жүйеге түсуі үшін мал иелері ветеринар мамандардың сұрауы бойынша,малды бір жерге жинақтауға, жылқыны бірдейлендіруге көмектесулері керек, - дейді аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Серікбай Латиев.
Демек, сырғасыз мал иесі жоқ мал болып есептеледі де, иесі малым жоқ деп шағым берсе де құқық қорғаушылар тарапынан мал ізделінбейді.
Жаза қатайды
Аудандық полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Асхат Құлбаевтың түсіндіруінше, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Мал ұрлығы» (188-1 бабы) деп аталатын жаңа бап енгізілді. Яғни, бөтеннің малын жасырын жымқырушыларға қатысты ең жоғарғы жаза кінәлі тұлғаның мүлкін мемлекет пайдасына тәркілеу арқылы, 12 жылға бас бостандығынан айыруға дейін қатаңдатылды. Мәселен, бұрын алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен немесе ірі мөлшерде материалдық залал келтірумен жасалған мал ұрлығы бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделсе, соңғы өзгерістерден кейін бұл санаттағы қылмыстар үшін кінәлі тұлғаның мүлкі мемлекет пайдасына тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылатыны кодекс нормаларында айқындалған. Сонымен қатар, қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерге дейін бөтеннің малын жасырын жымқырған кінәлі тұлға жәбірленушімен татуласып, келтірген материалдық шығынның орнын толтырса қылмыстық жауаптылықтан босатылатын еді. Енді, бұл санаттағы қылмыстық құқықбұзушылықтар ауыр қылмыстардың қатарына іліккендіктен, кінәлі тұлға жәбірленушімен бітімгершілікке келсе де, жазаға тартылады.
Бақташы шығарған дұрыс
– Қазіргі таңда Миялы ауылының ішінде күндізгі және түнгі мезгілдерде көптеген малдар қараусыз жүріп, көшедегі автокөлік жүретін тас жолдардың бойына шығып кетіп, автокөліктердің жол-қозғалысына кедергі келтіруде. Сонымен қатар, саябақтар мен мекемелер шарбақтарына кіріп кетіп, аталған жерлерді бүлдіруде. Ал, мұндай жағдайларға жол берген мал иелеріне Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 505 бабында көзделген әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Осы ретте, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2019-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» негізінде Миялы ауылынан «Миялы СДО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жанынан (Мекен-жайы: Ы.Алтынсарин көшесі, №41) құжатсыз тасымалданған, қаңғыбас және тәркіленген ұрлық малдарына арналған күзету, яғни төрт-түлік малдарын уақытша ұстау алаңы ашылды. Мұндай қадамға баруымызға әлгінде айтқан қараусыз жүрген, құжатсыз тасымалданған, тәркіленген ұрлық малдарды қамап қойып, мал иелерін анықтау керектігі себерп болып отыр. Несін жасырайық, қазіргі таңда тұрғындар тарапынан малдарын қараусыз жіберу, өріске бақташысыз айдау жиі кездесуде. Малым жоғалып кетті деп арызданушылардың да көбі малдарын бақташысыз жібергендер. Сондықтан, мал иелері бақташы- округ әкімі аппараты- мал иесі болып үш жақты келісімшартқа отырса, мал ұрлығына жол берілмеген болар еді. Әрі заңдылық тұрғысында, мал иелері жоғалған малын бақташыдан өндіріп алыуына болады, - дейді аудандық полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Асхат Құлбаев.
Чип салу қаншалықты тиімді?
Мамандардың айтуынша, мал ұрлығын болдырмау үшін жаңа заманғы технологияларды пайдалану керек. Жылқыны бағу қиын болса чип, GPS орнату мәселесін қолға алған дұрыс. Тіпті, екі-үш қожалық бірігіп дрон алып, малдарын бақылап отыруға болады. Әрине, бұлардың бағасы қымбаттау. Бірақ, бір үйір жылқыны немесе бір топ малды жоғалтқаннан гөрі арзанға шығады. Бұл ретте, аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Серікбай Латиев:
– Жылқыны бірдейлендіру таңба басу немесе чип салу арқылы жүргізіледі. Таңба басу ыстық немесе суық тәсілдермен жүзеге асырылады. Суық тәсіл азотты қолдану күн ысыған мезгілде жүзеге асырылады. Жылқы ұстайтын тұрғындар таңба салуда ыстық тәсілді қалай қолдануды жақсы біледі. Жыл сайын көктем-күз айларында меншігіндегі малдарына қалауы бойынша клеймо (әріп, сан немесе фигура) салып келеді. Құлындар да төрт айлық жасынан бастап бірдейлендіруге жатады. Электрондық бірдейлендіру тәсілі – чиптеу бұл қазіргі заманғы ең озық бірдейлендірудің түрі, арнайы шприцтегі микрочиптерді кез-келген уақытта қолдануға болады. Бір чиптің бағасы 650 теңге, чипті оқитын сканерді бірлесіп алуға болады. Бағасы 35000 теңгеден басталады және мал иесінің өз қаражаты есебінен сатып алынады. Бұл тауарларды Астана қаласынан «AnimalStat» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұсынып отыр. Серіктестік GPS Трекер (навигатор) SPOT Trace құрылғысын да ұсынады, бағасы 77000 теңгеден басталады. Серіктестіктің байланыс телефондары: 8 (7172) 25-60-15, 87771000 800, электрондық поштасы
Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript. . Әрбір мал иесі тікелей серіктестікпен хабарласуларына болады. Таңба басшылған немесе чип салынған жылқының әр басына ветеринариялық паспорт толтырылады және өз округі бойынша дерекқор базасына енгізіледі. Демек, чиптің мал ұрлығының алдын алуға тиімділігі зор, - дейді.
Сайып келгенде, мал ұрлығының алдын алу кім-кімге де міндет. Ол үшін әрине, заңдылықты сақтай білген дұрыс. Сондықтан, тұрғындар тарапынан жоғарыда айтқан заңдылықты сақтап жүрсе, мал ұрланған малдарды құқық қорғаушылар да тез тапқан болар еді. Ендеше, мал ұрлаймын деп, қатаң жазаға тартылып қалмайық, ағайын!
Бауыржан СИСЕНОВ
Сурет: ашық дереккөзден