Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

БАСПАНАЛЫ БОЛУҒА МҮМКІНДІК МОЛ

Былтырғы жылдан бері ауданда екі пайызбен «Бақытты отбасы» бағдарламасы негізінде ипотека беріліп келеді.

Халықтың игілігі үшін арнайы құрылған бағдарлама аясында көпбалалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрибелеп отырған отбасылар баспаналы бола алады. Олардың алғашқы легі құжаттарын рәсімдеп үлгерді. Айталық, аталмыш бағдарламамен аудан бойынша 33 жолдама беріліп, 10 жолдама мақұлданып, 8 отбасы (4 көпбалалы отбасы, 4 толық емес отбасы) баспаналы болды. Екі өтінім құжаттары қаралуда. Жылдық мөлшерлемесі 2 пайыздық несие Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы беріліп отыр. Бұл жоба әлі талай отбасын бақытқа бөлейтіндігііне күмән жоқ.

Себебі, «Бақытты отбасы» бағдарламасы биылғы жылдың 2 наурызынан бастап құжат қабылдай бастайды. Бағдарламаға қатысушы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен жолдама алып, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне құжат тапсырады. Бағдарламаға баспанаға мұқтаж отбасы ретінде аудан бойынша тұрғын үй кезегінде көп балалы отбасы, мүгедек баланы бағушы отбасы, толық емес отбасы кезегінде тұрған отбасылар қатысуына мүмкіндік бар. Баспананы Атырау облысы аумағынан алады. Отбасының әр мүшесіне шаққанда бір айлық табыстың мөлшері соңғы алты ай ішінде ең томенгі жалақы - 42500 теңгеден аспауы тиіс.

Мәселен, егер отбасы 6 адамнан тұратын болса, онда отбасының жалпы кірісі 255 мың теңгеден артық болмауы тиіс. Бұдан бөлек, өз атыңызда және бірге тұратын отбасы мүшелерінің атында жеке баспана болмауы тиіс. Жылдық мөлшерлемесі 2 пайыздық баспана ипотекасы 20 жылға дейін беріледі. Бастапқы жарна мөлшері қарыз сомасының 10 пайызын құрайды. Егер бастапқы жарнаны 10 пайыздан артық құйсаңыз, ай сайынғы төлем де аз болады. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша пәтерден бөлек, жер үй сатып алуға да болады. Атырау облысында тұрғын үйге банк 10 миллион теңгеге дейін несие бере алады. Егер бағдарламаға қатысушы қарыз алатын адам мен оның жұбайының ешқандай кірісі болмаса бағдарламаға қатыса алмайды. Жұмысқа тұрғаннан кейін алты ай өткен соң ғана қатыса алады. Қарыз алушы жұмыссыз еш табысы болмаса, жұмыс істейтін жұбайын тарта алады. Жұбайының кірісі жеткіліксіз болған жағдайда үшінші адамды тартуға мүмкіндік бар.

Бағдарламаға қатысушыдан: өтініш берушінің жеке куәлігі (жолдасының), неке туралы немесе неке бұзу туралы (қайтыс болғандығы туралы анықтама), кәмелет жасына толған отбасы мүшелерінің жеке куәлігі мен балалардың туу туралы куәлігі, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 7-12 ай бойынша анықтама, табыс туралы анықтама (соңғы 6-12 ай) жылжымайтын мүліктің бар немесе жоқтығы туралы анықтама құжаттары талап етіледі. Егер бағдарламаға қатысуға ниет білдірген көп балалы, әл-ауқаты төмен, мүгедек баланы асырап отырған жалғыз басты аналар немесе әкелер алғашқы жарнаны төлеуге мүмкіндігі болмаған жағдайда әкімшілік тарапынан 1 миллион теңге көлемінде тұрғын үй сертификатын алуға мүмкіндік бар.

Байланыс телефоны: 8 (712 38) 2 12 63

Гүлжиһан ДҮЗҒАЛИЕВА,

аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық,

жолаушылар көлігі және автомобиль

жолдары бөлімінің бас маманы

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT