Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мамандары, ҚазСуШар РМК Төменгі-Жайық филиалы қызметкерлері және жергілікті атқарушы орган өкілдері 300 мың дана мөңке балығының шабағын құтқарды,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Шабақтар Махамбет ауданына қарасты Есмұхан елді мекеніндегі «Үшкөпір» көпірінің жанындағы жайылма суда қалып қойған. Олар табиғи ортасы, Жайық өзеніне жіберілді.
- Инспекция басшысының тапсырмасына сәйкес Жайық өзезін жағалай орналасқан елді мекен аумақтары үнемі бақылауда. Су айдындарында қалып қойған шабақтарды анықтағаннан кейін, құтқару жұмыстары жедел ұйымдастырылды. Тұрғындардан осындай жағдайды байқап жатса, инспекцияға немесе жергілікті атқарушы органдарға хабарлауын сұраймыз, - деді Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы бөлімінің бас маманы Алмас Жұмашев.
Айта кетейік, Махамбет ауданында маусым айынан бері 2,2 миллион данадан балық шабағы құтқарылған.