Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Мұқырлық еріктілердің қайырымды ісі...

Биылғы жылдың көшін бір топ еріктілерден құралған жастар әр қалада, әр қиырда топтасып, қайырымдылық шаралар ұйымдастырып бастады.

Жақсылық жасап жарысқан жандардың жасына шектеу қойылмады. Аға буын бастап, орта буын қоштап, жастар да жақсы іске қосылды. Сондай игі істер біздің өлкемізде, оның ішінде, Мұқыр ауылында да төбе көрсетті. Жаһан жұрты күрескен індет біздің елімізден де тысқары қалмады. Қызыл жалындай шарпыған дерттің дендеген уақытында, еліміз карантиндік бұғауға түскен шақта, еліне еріктілер қасқайып қызмет қылды.

Тарқатар болсақ:

Мұқыр ауылында «Қайырымды жандар», «Иман жастары» атты қайырымдылық топ құрылды. Әр жұма сайын «Берекелі жұма», «Тегін такси» акциясы ұйымдастырылып, тұрғындарға қызмет етіп, берекелі іске білек сыбана кіріскен жандар, талайдың батасына бөленіп, алғысына кенелді. Жақсылардың жақсылығын жасыру әбестік болар. Алғысты іске мұрындық болып, қайырымды жандардың басын біріктіріп жүрген ауылдың белсенділері М.Смағұлова, М.Амандосов, А.Қасымовалардың еңбегі зор. Бірі бетперде тігіп, тегін таратса, бірі ауылдың әлеуеті төмен, әлеуметтік жағдайы сын көтермейтін көп балалы отбасыларына көмек берді. Енді бірі төтенше жағдай кезінде, ауыл іргесіндегі темірдей тәртіпті қадағалап, тыныштықты күзетіп тұрған құқық қорғау қызметкерлерін түскі аспен қамтамасыз етті.

Сонымен қатар, сын сағатында «NurOtan» партиясы да қалыс қалмай, аталмыш отбасыларға азық-түлік себеті мен тұрмыстық гигиеналық заттарды тегін үлестірді. Дегенмен, ауыл еріктілері мен жастары мұнымен шектелмеді. Олардың ерен мақсатының айқын дәлелі мынада еді. Ауылымызда тағдырдың «тосын сыйына» мойымаған жандар бар. Е.Есенов пен Э.Шіркеева екеуі бердей мүгедек. Мүмкіндігі шектеулі болғанымен, өмірге деген құштарлығы шектеусіз жандардың үнін қайырымды жандар естіп, қолға алған болатын. Шиеттей төрт бала өсіріп отырған отбасының аядай үйі апатты жағдайда, қабырғасы сөгіліп, тұруға жарамсыз. Белсенділердің бел ортасында жүрген- М. Смағұлова отыз күн оразада, тиыннан теңге құрап, шын мұқтажға қол ұшын созу бастамасын көтерді. Халық қоштап, көлемді қаржы жиналды. Бастаманың басты мақсаты-баспана сыйлау еді.

Межелі мақсат орындалып, пәтер кілті табыс етілді. Сондай-ақ, жастайынан жанарынан айырылып, үй жалдап, пәтер тауқыметін тартып жүрген, ауыл тұрғыны, жас отбасы Т.Хамиев те облыс ортасынан үйлі болды. Қашанда ауыл мерейін үстем етіп, көштің басында, жақсылыққа жаршы болып жүрген, халықтың ұлы, атымтай жомарт жандар, ағайынды Б.Мырзағалиев пен Ж.Мырзағалиевтің демеушілігімен, қуанышты хабар тағы еселенді. Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің демей ме, дана халқымыз. Ерікті болу-ерлік іспен пара пар. Жоғарыда тілге тиек еткен азаматтардан басқа, атын атап, түсі түстелмеген ел ағаларының, ауыл азаматтарының жасап жатқан әр ісі - тасқа қашалып жазылған, келешек ұрпаққа тарих болып қалары сөзсіз.

Нұрболат МАСАТҰЛЫ,

Мұқыр ауылдық округінің жастар жетекшісі,

Экономика және бизнес ғылымдарының магистрі

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521