Ірі қара малын бағатын адам таптырмай тұрғанда жылқыға екібастан жылқышы шықпайтыны белгілі. Көктем шыға әр ауылда өтетін тұрғындар жиынында мал бақтыру мәселесі күн тәртібіне қойылып, қаншама талқыланғанымен еш нәтиже шықпай тарқасады.
Бұл жыл сайын қайталанатын жағдай. Бұл бағытта ауылдық округ әкімдерімен, мамандарымен хабарласып білгенімізде олардың бірқатары сауын сиырды бақтыруға бір-бірден бақташы шығарса, басым бөлігі мал бағатын адам таба алмады. Ал, Мұқыр ауылының тұрғындарының ірі қара малдарына бақташы мүлдем керек емес екен. Мұны округ әкімі Мереке Есқалиев: «Ауыл тұрғындары жеке иелігіндегі қой-ешкі малдарын ауыл-ауыл болып кезекпен бақса, сауын сиырларын бақпайды.
Өйткені, жайылымда мал суатының жоқтығынан тұрғындардың ірі қара малдары өріске кешке кетіп, түнгі салқынмен жайылады да ертеңгілік ауылға келеді. Бұл сонау Кеңес үкіметі кезінен бері қалыптасқан жағдай. Ал, бойдақ малдарын ақысын төлеп, шаруа қожалықтарына бақтырады» деп түсіндірді.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ
Сурет: ашық дереккөзден