Сондай-ақ, бақташыны қажет етпейтіндердің қатарында Қызылқоға, Жамбыл, Ойыл ауылдық округтерінің тұрғындары да бар.
Бұл округтерде де жаздай мал бағамын деп белсеніп шығатын бақташы жоқ. Болған күнде де олардың алдына мал салып беруге тұрғындардың өздері де құлықсыз. Ал, әзірге Миялы, Тасшағыл, Көздіғара ауылдарында сауын сиырға бір-бірден шығып тұр. Аталмыш округ әкімдерінің айтуынша, жұмыс сұрап келетін адамдар көп, іштерінде жастар да жетерлік. Бірақ мал бағуға ешкім бармайды, қаншама түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен барлығы да ат-тонын ала қашады.
Тіпті, оларға қыс мезгілінде де жұмыссыз қалдырмаймыз, отбасында жұмыссыз жан болса қоғамдық жұмысқа тіркейміз деп те айтқан. Сонда бұрыннан мал бағудан хабары бар кейбірі атым жоқ деп сылтауратса, аты барлар денсаулығының жарамайтындығын тілге тиек етіп, көпшілігі мұндай жұмысқа бармайтындықтарын бірден айтады. Округ орталықтарында мал бақтыру жайы осындай болғанда, оларға қарайтын шағын елді мекен тұрғындарын бұл мәселе ойландырмайды да.
– Бізде де барлық ауылдағыдай қой-ешкі кезекпен бағылса, жылқы, ірі қара малдары өз беттерімен жайылады. Бұрыннан қалыптасып қалған жайт. Бұл әсіресе теміржол бойында орналасқан елдімекендердің малдары үшін қауіпті. Беті әрмен, жазатайым теміржолға шығып кетіп, пойыз астына түссе апат орын алары сөзсіз. Сондықтан, малды бағуға бақташы шығаруға немесе кезектесіп бақса жақсы болар еді, - дейді Жантерек елдімекенінің тұрғыны Елемес Дабысов.
Б.Сақтасинов
Сурет: ашық дереккөзден