Жаңа жыл еліміз үшін аса маңызды саяси науқанмен басталғалы тұр.
Осы орайда, аталмыш сайлауда еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың да дауысы аса маңызды. Соған сай, өткен аптада ауданға облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Гүлбаршын Нұржігітова келіп, мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесіп, дауыс беру ережелерін түсіндірді. «Арман» мәдениет үйінде өткен жиынды аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Мақсот Мұқанов ашып, жүргізіп отырды.
Жиында сөз алған облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Гүлбаршын Нұржігітова:
– Баршаға белгілі 2021 жылдың жылдың 10 қаңтарында елімізде Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау өтеді. Бұл саяси науқанға дайындық барысында мүмкіндігі шектеулі жандардың да құқықтары мен міндеттері баса назарға алынды. Мәселен, әрбір сайлау комиссияларының құрамында бір мүмкіндігі шектеулі жан болуы керек. Олар сайлаудың әділ өтуін тікелей бақылай алады. Сондай-ақ, сайлау учаскелерінде арбамен жүретін жандар үшін ақпараттық тақталар төмен орналасса, көз жанарында ақауы бар жандар үшін арнайы жолақ сызылуы тиіс. Және дауыс беру кабинасы мүмкіндігі шектеулі жан арбасымен бірге сиятындай кең болуы керек, – деді.
Дулат БЕРІКҰЛЫ