Бейсенбісі күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің бір жылдық жұмысын қорытындылау, алдағы міндеттерді пысықтау мақсатында жиын өтті.
Оған аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат хатшысы, бөлім, мекеме басшылары мен аудан тұрғындары қатысты. Жиынды аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев ашып, жүргізіп отырды.
Алдымен сөз алған «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Айсәуле Ардаққызы облыс көлемінде жасалған жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша жобалық кеңсе Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің қолдауымен ашылып, әлеуметтік жоба негізінде жүзеге асуда. Былтырғы жылдың ақпан айында жұмысын бастаған жобалық кеңсенің қазіргі таңда Атырау қаласы мен жеті ауданда өкілдері тағайындалып, бір жылдың ішінде 49 кездесу ұйымдастырылып, бес мыңға жуық азаматқа дәріс оқылды. Сондай-ақ, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында арнайы мониторнигтер жүргізіліп, бірқатар кемшіліктер анықталып, тиісті шарасы алынды. Жобалық кеңсенің тағы бір қызметі – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру. Бұл мақсатта «Адал көпір», «Парасатты отбасы», «Адалдық айнасы», «Жол мәдениеттілігін қалыптастыру», «Тұрғындар адалдық алаңымен бірге», «Парасатты мектеп басшысы», «Өзің оқы да, өзгеге ұсын» тақырыбында түрлі іс-шаралар мен акциялар тұрақты түрде өтіп келеді. Одан бөлек ауыр дертке шалдыққан баланың ем алуға баратын жолақысын көтеру мақсатында қайырымдылық концерт ұйымдастырылып, концерттен түскен 186 мың теңге баланың анасына табысталды. Атырау қаласында ұйымдастырылған «Кондукторсыз автобус» жобасы да тұрғындар көңілінен шығып отыр. Алдағы уақытта жүйелі түрде жұмыстар жүргізілетін болады.
Баяндамадан соң мінбеге көтерілген аудан әкімінің орынбасары, «Қызылқоға – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің кураторы Марат Әбуов аудан көлемінде атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта жасалатын жұмыстарға тоқталды.
– Ауданда жобалық кеңсенің ұйымдастыруымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында бірқатар іс-шаралар атқарылды. Былтырғы жылы білім беру ұйымдары жанынан 14 адалдық дүкені ашылып, өз жұмысын бастаса, «Кітап – адалдық кілті» атты буккросинг жобасы арқылы кітапқұмар оқырмандарды көптеп тарта білді. Одан бөлек, барлық мектептерде «Адалдық сағаты», «Парасатты мектеп» іс-шаралары тұрақты түрде өтіп келеді. Барлық ауылдық округтерде «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесін тұрғындарға кеңінен насихаттау мақсатында баннерлер ілініп, ақпараттық парақшалар мен жадынамалар көрнекі жерлерге орналастырылды. Сонымен қатар, өткен жылдың қараша айында «Халық заңгері» республикалық акциясы өткізіліп, ол бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерге жарияланды. Әрине, атқарылған жұмыстар аз емес, алда одан да зор міндетер тұр. Биылғы жылдан бастап «Қызылқоға – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысын түсіндіру және насихаттау мақсатында бірнеше кездесу ұйымдастырылады. Сондай-ақ, «Ізгілік елшісі» еріктілер жұмысын жандандыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында акциялар өткізу, арнайы мониторинг өкілдерімен қоғамдық бақылау жүргізу жоспарлануда, – деді ол.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысын жандандыру мақсатында аудан әкімдігі тарапынан қолдау көрсетілетіндігін баса айтып, барша аудан тұрғындарын сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Дулат МӘТЖАН