Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Әлемдік оқиғалар сабақ болуы тиіс

Күн сайын коронавирусқа байланысты ақпараттарды қарап отырамыз.

Сонда бұл дерттің әлемде өте қатты жылдамдықпен тарап жатқанын көруге болады. Интернетті ашып, жаныңдағы адамға «Ауруды Қазақстанда 109 адам жұқтырыпты» деп айтып ауыз жиғанша жаңағы дерек «120 адамға жетті» деп шығып тұрады. Ал, әлемдік оқиғалар тіпті жантүршіктіреді. Медицинасы дамыған, аппаратары мен құрал-саймандары талапқа сай деген Еуропоның өзі бұл дерттің алдында дәрменсіздік танытып отыр. Италия мемлекетінде бір күнде 500-600 адам қайтыс болып, жерлеп үлгере алмай жатыр.

Ал, Еуропа мұндай халге қалай түсті? Әрине, қамсыздықтан, қаперсіздіктен. Жақында, телеарнадан италиялық бір азамат «Бізге ел басшылары ауру тарап жатқанын, соған байланысты үйден шықпау керектігін айтқанда аса мән бермедік. Барлығы саясат үшін айтылды, жалған ақпарат деп ойладық. Стадионға футбол көруге бардық, кафелерге барып сыра іштік. Көңіл көтердік. Ал, қазір аурудан қайтыс болғандарды көміп үлгермей жатырмыз» деп сұхбат берді. Өз басым өте ауыр қабылдадым. Өкінішке орай, біздер де әлі күнге қамсыз жүрміз. Мейрамханалар қабылдамаған туған күнді үйде жасап, қонақтықтан босамай жатырмыз. Бұл дұрыс емес.

Егер төтенше жағдайдан төрт көзіміз түгел шықсын десек қатаң тәртіп пен санитарлық ережелерді сақтауымыз керек. Осы орайда, қазіргі таңда әлемде болып жатқан оқиғаларды сараптай келе екі елдің оқиғасын мысалға келтіргім келеді. Бірі – Қытай, екіншісі – Италия. Алғашқысы короновирус отаны болып табылса да қазіргі сәтте аты жаман аурудың қарқынын басып, ауырғандардан жазылғандар саны көбейді. Өйткені, олар мемлекет тарапынан карантин жарияланғаннан кейін ешкім көшеге шықпай, үйде отырған. Бір тәртіпке, бір жүйеге бағынған.

Міне, соның нәтижесінде ауруды еңсеріп, 8 сәуірден бастап, ауру ошағы саналатын Ухань қаласынан карантиндік режим алынатынын айтып жатыр. Ал, екінші мысалға келтірген Италия болса ауру қаупі ескертілсе де мән бермеген. Көшеге шыққан, көңіл көтерген. Есесіне, қазір науқастар саны мен адам өлімі бойынша Италия Қытайдың алдына шығып кетті. Осы екі мысалды салыстыра отырып, барша тұрғындарды үйде отыруға, тәртіпке бағынуға шақырамын. Ел болып аты жаман ауруды еңсеріп жеңіп алайық. Сосын тойымызға да барамыз, құдамызды да шақырамыз, туған күнді де жасаймыз. Тек уақытша ғана сабыр сақтап, үйде отырайық. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы бұл кезеңнен де аман-есен шығады деп сенемін.

Толқын БЕЙСҚАЛИ,

аудандық мәслихат хатшысы

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521