Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Үйде отырған үйдей пәледен құтылады

Коронавирус атты аты жаман ауру тек Қазақстанды емес тұтас әлемді алаңдатып, әбігерге салып қойды.

Қазіргі таңда әлемнің екі жүзге жуық мемлекетіне тарап, он бес мыңнан аса адамның өмірін жалмаған бұл дертпен күрес расымен де қиын болып тұр. Медицинасы дамыған мемлекеттердің өзі дағдарып қалып жатқанда біздің халық әлі күнге арқаны кеңге салып, ел аралап қыдырып жүр. Ашығын айту керек, қазір алыстағы құдасына көрісіп, нағашысының алпыс жасына барып, жағасы жайлауда жүрген ағайын көп.

Алайда, мемлекет үлкендерді жұмыстан, балаларды сабақтан босатқанда ел қыдырып аралаңдар деген жоқ. Ауырып қалмай, үйде отырсын деп берді. Осыны жете ұғынсақ екен. Әрине, мемлекет тарапынан бұдан басқа да барлық қажетті іс-шаралар қолға алынып, тиісті жұмыстар ұйымдастырылып жатыр. Мекемелер қашықтан жұмыс жасап, оқушылар мен студенттер онлайн сабаққа көшуде. Несиесін төлей алмай жатқан тұрғындарға кеңдік жасалып, ешқандай айыппұл қосылмайтын қылды. Коммуналдық ақыларын төлейтін жағдайы жоқтардың су, жарық, интернет, жылуын айырмау жөнінде бұйрық берілді. Кәсіпкерлер де уақытша салықтан босатылды.

Ал, аудан көлемінде халық азық-түлікпен тарығып қалмасын деп, Миялыдағы «Арыс» базарында Ақтөбеден екі, Атыраудан бір көлік келіп негізгі әлеуметтік азық-түлік өнімдерін шектік бағада сатуда. Мұның бәрі сіз бен біздің саулығымыз үшін жасалып жатқан қамқорлықтар. Одан бөлек, біздің саулығымыз үшін дәрігерлер мен тәртіп сақшылары, басқа да жауапты мекемелер күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып жұмыс жасауда. Біз үйде бала-шағамыздың қасында болсақ, дәрігерлер үйіне қонбастан жұмыста жүр. Тым болмаса солардың еңбегін еш кетірмеу үшін үйде отырғанымыз дұрыс.

Өйткені бұл ауру қанша жерден қарқыны қатты болғанымен сақтық шарасын ұстанып, ешқайда шықпаған адамның алдында өте әлсіз. Ешкіммен араласпай, үйде отырған адамға ауру жұқпақ түгілі маңына да жолай алмайды. Сондықтан жас болсын, кәрі болсын бәріне ортақ қағида – мемлекет белгілеген тәртіпке бағынуымыз қажет.

Айжан ІЗІМОВА,

аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі,

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521