«Amanat» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Ақынжан Хусайнов салынып жатқан 60 пәтерлік тұрғын үй, «Жайлы мектеп» құрылыстарында болып жұмыс барысымен танысты.
Кадырка ауылында салынып жатқан 60 пәтерлік үйдің құрылысы қарқынды. Бұл нысанға тапсырыс беруші Атырау облыстық құрылыс басқармасы. Инвестор «НКОК Н.В», мердігер мекеме «Бек и Ко», техникалық бақылаушысы «Батыс эксперт инженеринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Бөлмелердің ішкі қабырғалары ағарып, есік-терезелері, электр құралдарын қосатын ұяшықтары салына бастапты. Одан кейін ленолеум төселмек. Учаске бастығы Жомарт Қауысовтың айтуынша қазіргі күні мұнда 47 адам жұмыс жасауда. Көптен қозғалып келе жатқан мәселе оң шешімін тауып, үй астынан өтіп жатқан ауыз су құбыры желісін ауыстыру қолға алыныпты. Жаңа үй тамыз айында бітеді деп күтілуде.
РТС ауылындағы «Жайлы мектеп» құрылысына 104 адам тартылған. Оның 50-ге жуығы жергілікті тұрғындар екен. Мұнда бас мердігер «Каспий Құрылыс LTD» ЖШС, тапсырыс беруші «Samruk Kazyna Construction» АҚ. Техникалық қадағалаушы «Лидер» ЖШС. Ауласында жылыту қазаны ғимараты бітіп тұр. Одан бөлек тағы бір ғимарат салынуда.
– Бұл бақылау-өткізу пункті. Екіншісі мектеп ауласының келесі бетінде орналасады. Біреуінен 1-4 сынып, екіншісінен 5-11 сынып оқушылары ішке өтеді. Алдарында көлік қоятын орындар болады. Екі айда біршама жұмыстар атқарылды. Қазір су, жылу, кәріз, сантехника, электр жүйелерін тарту, дәліздердің ішкі төбесінің жұмыстары жасалуда. Үлкен спорт залыда біте келді. Енді мұнда алюмений терезелер орнатылады. Көріп тұрсыздар шағын спорт кешенінен кем емес. Материалдар жеткілікті. «Samruk Kazyna» АҚ-ның комиссиясы айына екі рет келіп қарап кетеді, – дейді мердігер мекеменің техникалық қауіпсіздік жөніндегі инженері Мейрам Жасталап.
Қанат ҒҰМАРОВ