Экономикалық зерттеулер институты Фискалдық саясат орталығының директоры Ксения Загалдың айтуынша, ҚҚС шегін төмендетудің бірнеше себебі бар. Бұл – салық жүйесіндегі ашықтықты арттыру және салық базасын кеңейту.
«Қазір салық заңнамасында салықтық жүктемені азайтудың заңды тәсілдері қарастырылған. Алайда кейбір кәсіпорындар заңды айналып өтіп, ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмеген. Салдарынан ҚҚС-тың экономикалық мәні бұзылып, оны толыққанды есепке алу тетігі дұрыс жұмыс істемей отыр. Мұндай жағдай салық жүйесіндегі ашықтықтың төмендеуіне, әкімшілік шығындардың артуына және бюджетке түсетін кірістердің азаюына әкеліп соғады. Себебі көптеген компания ҚҚС есепке алу үдерісіне толық қатыспайды. ҚҚС шегін төмендету салық базасын кеңейтіп, салықтық ауыртпалықтың әділ бөлінуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар ҚҚС есепке алу тізбегінің үздіксіз жұмыс істеуі оның тиімді мөлшерлемесін 3-4%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді», дейді маман.
Оның айтуынша, ҚҚС мөлшерлемесінің артуы бизнесте қосымша шығындардың пайда болуына әкеледі. Оны жеңілдету үшін Үкімет еңбекақы қорына салынатын салықты айтарлықтай төмендетуге дайын. Бұл шара компанияларға қаржылық қысымды азайтуға және іскерлік белсенділікті қолдауға көмектеседі.
Мөлшерлемесінің ұлғаюы тауарлардың түпкілікті құнының қымбаттауына әсер етуі мүмкін. Дегенмен реформа аясында әлеуметтік көмек, жалақы және зейнетақыны инфляция деңгейіне сәйкес индекстеу қарастырылып отыр. Бұл әлеуметтік осал топтарды қолдап, азаматтарға тигізетін кері әсерді барынша азайтпақ.
«ҚҚС мөлшерлемесінің артуы инфляциялық қысым тудыруы мүмкін, бірақ бұл қысқамерзімді әсер болады. Экономика жаңа жағдайларға бейімделіп, ҚҚС-нан түсетін қосымша кірістер нақты секторды дамытуға және бизнесті қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуге бағытталады», дейді Ксения Загал.
2023 жылы ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға көтеру ұсынылып, алайда бұл шешім Президент тарапынан қолдау таппаған еді. Осыған байланысты «2025 жылғы ұсыныстың ерекшелігі қандай?» деген сұрақ туындайды. Экономикалық зерттеулер институты Фискалдық саясат орталығы директорының орынбасары Эльмира Осипованың айтуынша, биылғы ұсыныс 2023 жылғы ұсыныстан кешенді тәсіл мен қосымша шаралардың енгізілуімен ерекшеленеді.
«2023 жылы тек ҚҚС мөлшерлемесін арттыру мәселесі қарастырылған еді. Бұл бизнес пен тұтынушы үшін кері әсер етуі мүмкін деген алаңдаушылық тудырды және мұндай шешімді қабылдауда неғұрлым теңгерімді тәсілді қолдану қажеттігі айқын болды. Ал Үкіметтің қазіргі ұсынысы ҚҚС мөлшерлемесін арттырудан бөлек, жалпы салық-бюджет жүйесін жақсартуға бағытталған қосымша шараларды қамтиды. Олардың қатарында – еңбекақы қорына салынатын салық ауыртпалығын төмендету бар, бұл бизнес шығынын азайтуға және ҚҚС-ның инфляцияға әсерін жұмсартуға көмектеседі. Сонымен қатар әлеуметтік көмек, жалақы және зейнетақыны индекстеу жүргізіледі. Бұл азаматтарды бағаның өсуінен және инфляциялық процестерден қорғауды қамтамасыз етеді», дейді ол.
Экономикалық реформалар енгізілгеннен кейін алғашқы өзгерістер бірнеше ай ішінде байқала бастайды дейді мамандар. Сөйтіп, бизнес жаңа жағдайларға бейімделіп, 15 млн теңге шегінен асқан кәсіпкерлердің міндетті түрде ҚҚС төлеуші ретінде тіркелуі және салықты тоқсан сайын төлеу тәртібі енгізіледі.
«ҚҚС мөлшерлемесін көтеруден келетін алғашқы кірістер реформа күшіне енген алғашқы тоқсандарда-ақ бюджетке түсе бастайды. Алайда тапшылықты толық өтеу бірнеше жылға созылуы мүмкін. Бұл көтерілген мөлшерлеменің ауқымына және салықтық-экономикалық шаралардың тиімді енгізілуіне байланысты», дейді Э.Осипова.