Алматыда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың роботтехника орталығы алаңында «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелері белсенді жастармен және IT саласының өкілдерімен кездесті. Жиынға делегацияны Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап келді. Оған Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев, Конституциялық комиссия өкілдері, қоғамдық институттар мен білім беру саласының басшылары, сарапшылар мен ғалымдар қатысты. Кездесуге студенттер, жас зерттеушілер және қалалық IT-бастамалардың қатысушылары жиналды.
Отырыста Аида Балаева жаңа Конституция жобасы ел дамуындағы жаңа кезеңді көрсететінін атап өтті. Бүгінде басты ресурс шикізат емес, азаматтардың білімі мен қабілеті екенін сөз етті.
«Жаңа Конституцияда адам капиталы ел дамуының басты басымдығы ретінде айқындалды. Білім, ғылым, мәдениет және инновация салаларына ерекше мән беріліп, ұлттық мәдениетті қолдау мен тарихи-мәдени мұраны сақтау конституциялық қағидат деңгейіне көтерілді. Бұл мемлекеттің болашағы табиғи ресурстарға ғана емес, ең алдымен білімді, зияткерлік әлеуеті жоғары азаматтарға сүйенетінін көрсетеді», деді вице-премьер.
Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев жастарды елдің басты зияткерлік ресурсы деп атады.
«Қазақстанды дамытатын – мұнай да, газ да емес, жастардың интеллекті мен қабілеті. Сондықтан жаңа Конституция жобасында білімге, ғылымға, инвестиция мен инновацияға басымдық берілген. Біз Цифрлық кодексті, әлемде алғашқылардың бірі болып ЖИ туралы заңды қабылдадық. Көп бағыт бойынша озып келеміз, бұл межені ұстап тұру – жастардың қолында. Конституция «Заң және тәртіп» қағидатын, адам құқықтары мен бостандықтарын бекіте отырып, қоғамға жақындай түседі. Референдумға қатысып, осы құжатты қолдауды маңызды деп санаймын», деді ол.
Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Болат Тілеп білім, ғылым және инновацияны Ата заңның стратегиялық басымдықтары ретінде бекіту академиялық орта үшін ұзақмерзімді даму бағытын қалыптастыратынын айтты.
Цифрлық трансформация мәселесіне Қазақстан қоғамдық даму институтының төрайымы Жұлдызай Ысқақова тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде 90%-дан аса мемлекеттік қызметтер онлайн түрде қолжетімді, ал халықтың шамамен 80%-ы цифрландыруды қолдайды. Сонымен қатар цифрлық сенімнің артуы интернет-алаяқтық қатерін күшейтеді, бұл жеке деректерді қорғау мен цифрлық қауіпсіздікке қатысты конституциялық нормалардың маңызын арттырады. Ол жастардың дауыс беруге қатысуы азаматтық жауапкершіліктің көрінісі екенін де атап өтті.
Алматының IT-экожүйесін дамытуға қатысты пікірді Qazaq IT Community негізін қалаушы, Women in Tech Kazakhstan ұйымының жетекшісі Әсел Болатжан білдірді.
«Алматы – елдің цифрлық орталығы. Мұнда Қазақстандағы IT-компаниялардың шамамен үштен бірі шоғырланған. Олар елдегі IT-қызметтердің жартысынан астамын өндіреді. Келесі қадам – білім, стартаптар мен зерттеулерге арналған интеграцияланған алаңдарды құру. Жаппай цифрландыру жағдайында цифрлық құқықтарды конституциялық деңгейде бекіту аса маңызды», деді ол.
ҚазҰУ доценті Алдияр Агишев құқықтық нормалардың ғылыми-технологиялық даму жағдайына сай болуы қажеттігін айтты.
«Қазіргі технологиялар жаңа міндеттер қояды. Конституцияда цифрлық қауіпсіздік пен жеке деректерді қорғау нормаларын бекіту – уақтылы шешім. ЖИ дамуы инфрақұрылымға, деректерге және адами капиталға тәуелді. Есептеу қуаттарына сұраныс күрт өсті. ҚазҰУ-дың суперкомпьютерлік кластерінде ЖИ міндеттері үшін GPU ресурстарының тапшылығы сезіледі», деді ол.
«Jastar ruhy» жастар қанатының қалалық филиалының төрағасы Дидарбек Ділдәбек цифрлық ортадағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру жайында ой қозғады. Алматы қаласының студенттік омбудсмені Айболат Сембиев ғылым мен цифрландыруға басымдық беру жастардың сапалы білім алуына жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.
Кездесу соңында қатысушылар бұл талқылау тек түсіндіру шарасы емес, ел болашағы, адами капитал, цифрлық технологиялар және әділетті даму қағидаттары туралы мазмұнды диалог болғанын жеткізді.
Сонымен қатар осы күні жалпыұлттық коалициясы мүшелері шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Іс-шараға депутаттар, әлеуметтанушылар, отандық кино және музей саласының өкілдері, шығармашылық бірлестіктер, медиақауымдастық және креативті ұйымдар қатысты.
Жиын жаңа Конституция жобасына және 15 наурызға жоспарланған республикалық референдумға арналды. Кездесуде Аида Балаева Ата заң жобасында адами капиталға айрықша мән берілгенін, ал мәдениет пен тарихи мұраны сақтау жаңартылған Конституцияда жоғары деңгейге көтерілгенін атап өтті.
"Білім, ғылым, мәдениет және инновация салаларына ерекше мән беріліп, ұлттық мәдениетті қолдау мен тарихи-мәдени мұраны сақтау конституциялық қағидат деңгейіне көтерілді. Бұл мемлекеттің болашағы табиғи ресурстарға ғана емес, ең алдымен білімді, зияткерлік әлеуеті жоғары азаматтарға сүйенетінін көрсетеді. Ұлттық мәдениетті қолдау және тарихи-мәдени мұраны сақтау ұғымдарының алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілуі – біз үшін үлкен қуаныш әрі зор жауапкершілік. Сондай-ақ ел азаматтары тарихи және мәдени мұраның сақталуына қамқор болуға, тарих пен мәдениет ескерткiштерiне ұқыпты қарауға мiндеттi екені де анық көрсетілген. Аталған жаңашылдық ұлттық бірегейлікті нығайтуға, тарихи сабақтастықты сақтауға және ұлттық код пен мәдени мұраны келер ұрпаққа жеткізуге жол ашады», деді А.Балаева.
Медиаменеджер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Мұхамеджанова жоба заң үстемдігі мен қоғамдық қатысу қағидаттарын күшейтетінін, соның ішінде цифрлық ортадағы азаматтардың құқығын қорғауға кепілдік беретінін айтты.
Отырыста режиссер Талғат Теменов ел үшін маңызды кезеңде әр азаматтың жауапкершілігі арта түсетінін атап өтті.
«Ел тарихында Конституция алғаш рет қазақ тілінде жазылды. Мен осыған қуандым. Екінші қуанғаным, бір палаталы Парламент, яғни Құрылтайды құру бастамасы болды. Үшінші, Президенттің бір-ақ мәрте сайлануы. Ата заңның әр тармағы – қазақтың ертеңі, үміті мен болашағы. Келер ұрпақ үшін бірігіп, референдумға қатысуымыз өте маңызды», деді ол.
Кино продюсері Жалын Тілеуберген жаңа Конституция жобасы креативті экономика мен креативті индустрияны дамыту бағытын айқындайтынын жеткізді.
«Конституциялық деңгейде сөз бостандығына, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндікке кепілдік беріліп, зияткерлік меншік қорғалса, бұл жас режиссерлер мен актерлер үшін берік тірек болар еді. Басты ресурс – шикізат емес, азаматтардың идеясы, ойы, дарыны мен еңбегі. Ал референдумға қатысу өнер мен қоғам арасындағы байланысты күшейтетіні анық», деді ол.
Кездесу соңында коалиция мүшелері қатысушылармен пікір алмасып, ойын ортаға салды. Биыл 15 наурыз күні азаматтар жаңа Конституция жобасы бойынша өз ұстанымын білдіретінін айтты.




