Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Көлік тізгінінде – 33 жыл

«АТЫРАУ-ЖАРЫҚ» ЖШС БӨЛІМШЕЛЕРІНІҢ БІРІ – АУДАНДЫҚ ЭЛЕКТР ЖҮЙЕЛЕРІ ТАЛАЙ ЕҢБЕК ТАРЛАНДАРЫН ӨСІРІП ШЫҒАРДЫ. ОЛАР САЛҒАН САРА ЖОЛ – КЕЙІНГІГЕ ӨНЕГЕ! ЭЛЕКТР ЭНЕРГЕТИКАСЫНЫҢ ДАМУЫ ЖОЛЫНДА ОТЫЗ ЖЫЛДАН АСА ЕҢБЕК ЕТІП ЖҮРГЕН ӘДІЛГЕРЕЙ ҚАЛАУОВ – «АТЫРАУ-ЖАРЫҚ» МЕКЕМЕСІНІҢ АВТОКӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ.

Әділгерей Сағынғалиұлы 1975-1985 жылдары Сарытоғай орта мектебінде білім алып, кейін әскер қатарына алы­нып, Украина елінде Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. 1988 жылы әскер қатарынан оралған соң Гурьев балық өндірісінде кеме жүргізушісі болып, қызметке тұрып, еңбекке араласады. Екі жылдан кейін өмірлік жары Қалимат Тельманқызымен жұптары жарасып, шаңырақ көтереді. Балықшының қызын қармағына түсірген ағамыз «Махамбетім, қайдасың?!» деп, ауылға оралып, туған жерінде қызмет етуді мақсат етеді. Бүгінде Қалауовтар әулеті – 2 ұл, 2 қыздың ата-анасы болып отырған үлгілі отбасылардың бірі.

1992 жылы «Атырау-Жарық» ЖШС Махамбет аудандық мекемесіне автокөлік жүргізушісі болып, жұмысқа орналасып, осы күнге дейін абыроймен атқарып келеді. Еңбек жолында жеткен жетістіктері үшін әр жылдары «Еңбек ардагері», «Құрметті энергетик», Қазақстан Электр энергетикалық Қауымдастығы» төсбелгісінің иегері атанса, өткен жылы ғана «Жыл үздігі – 2024» аудандық шарасында «Жыл энергетигі» аталымымен марапат­талды. Әділгерей Қалауов электр энергетика саласының мерейлі да­таларына орай шығарылған медаль­дар мен аудан, облыс әкімінің Алғыс хаттарына ие болып, ұжымда абы­ройлы қызметімен танылған. Қыстың суығы мен жаздың аптап ыстығына қарамастан жұмысын адал атқарып, энергетиктердің қызметін уақытылы әрі сапалы орындауына өзіндік үлесін қосуда.

- Автокөліктердің үздіксіз жүруін, соның ішінде жылы ескірген тех­никаларды жүргізу де оңай қызмет емес. Мекеменің слесарь, монтер және басқа да мамандарды және жүк тасу бізге жүктелген. Мекеменің техникалары жеткілікті, қосалқы бөлшектер және қажетті матери­алдар дер кезінде орталық базадан жеткізіліп тұрады. Басшылық қойған талап пен тәртіптің үдесінен шығу – үлкен жауапкершілік. Жұмыс графигі 5/2 болғанымен, сенбі, жексенбі күндері кезекшілікке тұратынымыз бар. Тіпті қолайсыз ауа райында түнгі ауысымда тұрып, кез келген мезетте апаттық жағдай орын алған жерге қызметкерлерді аман-есен жеткізу де міндетіміз,- дейді Ә.Қалауов.

Ы.Алтынсариннің жүздеген жыл бұрын айтқан «Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деген сөзі бүгінде өзінің өзектілігін жойған жоқ. Еңбексүйгіш, еңбекқор адам қашанда құрметке лайықты жан. Әділгерей Қалауовтың жұмысына жанын салып, жүрегімен беріліп жасайтындығына ұқыптылығы мен еңбексүйгіштігі дәлел болады. Өз жұмысына ерекше ілтипатпен келіп, жұмыс барысындағы қиыншылықтарға мойымайтын Әділгерей ағамыз пен Қалимат жеңгеміз ұл-қыздарынан тараған немере-жиендерінің қызығын көруде.

Жалпы аудандық электр жүйелері өз қарамағындағы ау­ылдарды электр энергиясымен жабдықтауда және күрделі жөндеуден уақытында өткізіп, электр энерги­ясын тұтынушыға келісімшартпен жеткізуде өз міндеттерін орындап отыр. «Атырау-Жарық» ЖШС Ма­хамбет электр жүйесі бөлімшесінің қарауында 7 жоғарғы кернеулі қосалқы станция жұмыс жасауда. Мекеме теңгеріміне қарасты 144 дана төменгі кернеулі комплектілі транс­форматорлы подстанция және 790,1 шақырым жоғарғы және төменгі кернеулі әуе желілері бар.

Қазбек АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT