2025 жылы көлік салығы 456 328 адамға есептелді, бұл 764 мың көлік құралын қамтиды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Қанағат Күлембаев мәлімдеді.
Есептеулердің жалпы сомасы 21,9 млрд теңге болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,3 млрд теңгеге артық. Түсімдердің өсуі ашықтықтың, азаматтардың жүйеге деген сенімінің өсуін, сондай-ақ алматылықтар арасында белсенді салық тәртібін көрсетеді, - деді Қанағат Күлембаев.
Оның айтуынша, оң динамикаға қарамастан, көлік салығы бойынша берешек сақталып отыр. Бүгінгі таңда 60 835 азаматтың 3,9 млрд теңге қарызы бар, оның 3,6 млрд теңгесі көлік салығы бойынша қарыздар. Жекелеген азаматтардың 22 млн теңгеден астам қарызы бар.
Біз қарызды өндіріп алу бойынша белсенді жұмыс жүргізудеміз: хабарламалар жібереміз, салық бұйрықтарын қалыптастырамыз және қажет болған жағдайда мәжбүрлеп орындату шараларына жүгінеміз. Біздің басымдық – салық міндеттемелерін ерікті және уақытылы орындау, - деді Мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы.
Спикер азаматтарға "e-Salyk azamat" мобильді қосымшасы, www.kgd.kz сайттар және онлайн-банкинг арқылы салықты тез және ыңғайлы төлеу мүмкіндігін еске салды.
Салықты төлеу автокөліктің тіркелген жері бойынша емес, тұрғылықты жері бойынша жүзеге асырылатынын есте сақтау өте маңызды, - деді МКД өкілі.
Қанағат Күлембаев ардагерлерге, көпбалалы аналарға, мүгедектігі бар адамдарға және басқа да санаттағы азаматтарға арналған жеңілдіктер туралы еске салды. Жеңілдік бір көлік құралына беріледі және егер меншік иесі 2013 жылдан кейін өзгерсе, қозғалтқыш көлемі 4 мың текше сантиметрден асатын автомобильдерге қолданылмайды.