АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов елімізде өндірістен қалған күл неге өңделмейтінін айтты.
— Қазақстанда күлді қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар аз. Өңдеуді ынталандыратын мемлекеттік бағдарламалар немесе экономикалық ынталандырулар жоқ. Күлді тиімді пайдалану үшін жинау және логистика жүйесі де жоқ.
Құрғақ күлді жою үшін модернизацияға инвестиция және күлдің үлкен көлемін өңдеуге дайын тиімді тұтынушы қажет. Өнеркәсіп тарапынан сұраныс болмаса, мұндай технологияларды енгізу тиімсіз болып қала береді, — деді министр.
Оның сөзінше, мұнай қалдықтарын өңдеу жұмыстары да кейінгі жылдың көлемінде артқан.
— «Қаражанбасмұнай», «ӨзенМұнайГаз», «МаңғыстауМұнайГаз» және «ЕмбіМұнайГаз» компанияларының нысандарында тарихи мұнай қалдықтарын кәдеге жарату және ластанған жерлерді тазарту жұмыстарын «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жүргізуде. 2018 — 2024 жылдар аралығында шамамен 4,5 млн. тонна тарихи мұнай қалдықтары өңделді, оның 1 млн. тоннаға жуығы 2024 жылы өңделді. Қалдықтардың көлемін азайту, қайта өңдеу деңгейін арттыру және қоршаған ортаға әсерін барынша азайту бойынша кешенді шараларды жүзеге асыру жалғасуда, — деді Ерлан Ақкенженов.
Сондай-ақ, бүгінгі отырыста Премьер-министр Олжас Бектенов Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қоқыс полигондарын салу бағдарламасын баяу іске асырып жатқанын айтып, сынады.