Олар бүгіннен бастап өңірлерде бизнес қауымдастықтармен кездесулер ұйымдастырады.
Қазақстанда жаңа салық реформасын талқылау бойынша жұмыс басталды. Бүгіннен бастап 6 арнаулы жұмыс тобының өкілдері ел өңірлерінде бизнес қоғамдастықтармен кездесіп, Үкімет бастамаларын талқылайды.
Кеше Астанада бизнес өкілдерімен басқосуда Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин салық реформасы шеңберінде ҚҚС сараланған мөлшерлемелерін белгілеу жөніндегі Үкіметтің ұсыныстарын айтты.
"Біз мынадай тетікті қарастыруды ұсынамыз: жалпы белгіленген ҚҚС мөлшерлемесі 16%, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан толық босату, ал бірқатар салалар үшін – 10% мөлшеріндегі аралық мөлшерлеме. Осылайша, Үкімет ұсынып отырған мөлшерлемелерді саралау: 16%, 10%, 0% және босату", – деп түсіндірді Азамат Әмрин.
Қазіргі уақытта аграрлық секторда шаруа қожалықтары ҚҚС төлемейтіні, ал заңды тұлғалар қолда бар жеңілдіктерге байланысты бюджетке төлеуге тиісті салықтардың тек 30%-ын төлейтіні атап өтілді. Жаңа тетіктер бойынша олардың ешқайсысы ҚҚС төлемейтін болады. Бұл қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін (картоп, қызанақ, пияз және басқалары) бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік береді. 10% мөлшерлеме қолданылатын салалардың түрлері бизнеспен әлі де талқылануда.