Алдағы сайлау науқанына қызу кіріскен үміткерлер «Nur Otan» партиясының қызметімен және сайлауалды бағдарламасын халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында «Есіктен – есікке» акциясын жалғастыруда.
Акция аясында аудандық сайлауалды штабы басшысының орынбасары Альберт Аққайнанов, аудандық мәслихат депутаттығына үміткер Есенбай Нұров, Сайлаубек Темірғалиевтар Көздіғара ауылдық округінде үйлерді аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Үміткерлер ауыл тұрғындарына партияның алдағы 2021-2025 жылдар аралығына жасақтаған сайлауалды бағдарламасын таныстырып, «Nur Otan» партиясының биылғы жылы пандемия кезінде атқарған жұмыстарына, алдағы жылы ауданда атқаратын жұмыстарға қысқаша тоқталды.
– Біздің мақсатымыз – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып, әр тұрғынның өмір сүру деңгейін арттыру. «Nur Оtan» партиясының Қызылқоға ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасында алдағы жылдары ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту, кәсіпкерлерді қолдап, медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен білім беру сапасын арттыру, жолдардың сапасын жақсартып, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында алға қойған міндеттері кеңінен қамтылған, -деді аудандық сайлауалды штабы басшысының орынбасары Альберт Аққайнанов.
Сондай-ақ, үміткерлер «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының басты бағыттары жөнінде айтып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, халықты толғандырған сауалдарға жауап берді. Бағдарламаның халық үшін тиімді, экономика мен өңірлердің орнықты дамуы үшін барлық мүмкіндігі бар әл-ауқатты қоғамды бірге құруға бағытталғандығын алға тартты. Ал, ауыл тұрғындары «Nur Otan» партиясына үлкен сенім артатынын жеткізді. Үгіт-насихат жұмыстары санитарлық талаптарға сәйкес қауіпсіздік шаралары қатаң сақталып, өткізілуде.
«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтары барлық топтағы халықтың мүддесін қорғау және халық пен билік арасындағы байланыстырушы буын болу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға бағытталғанын баса айтқан жөн.
«Nur Otan» партиясының Атырау облысы Қызылқоға ауданының сайлау қоры қаражатының есебінен төленді