Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың пленарлық отырысында президент жанындағы Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президент ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалыптастырудың стратегиялық маңызы бар екенін айтты.
“Азаматтарымыз референдумда бірінші атом электр стансасын салу туралы шешімге қолдау көрсетіп, осы міндетті орындауға жол ашып берді. Бұл қадам алыс болашақтағы ахуал қалай болатынын ескере отырып, энергетика саласын кешенді түрде, жан-жақты ойластырып дамыту қажеттігін көрсетеді. Мәселе еліміздің энергияға деген қазіргі сұранысын қанағаттандыруға ғана тіреліп тұрған жоқ. Біз үшін ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалыптастырудың стратегиялық маңызы бар”, – деп мәлімдеді Тоқаев.
Тоқаев осы себепті Қазақстанға бір емес, үш атом электр стансасын салып, ақырында толыққанды ядролық кластер қалыптастыру қажет деп есептейтінін жеткізді.
“Осы міндеттің айрықша маңызды екенін ескеріп, мен Президент жанындағы Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешім қабылдадым. Біз газ бен көмір өндіру ісіндегі мүмкіндіктерімізді, сондай-ақ жаңартылатын қуат көздерінің әлеуетін толық пайдалануымыз керек”, – дейді президент.