Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫ ҒАНА ҚАУІПТІ ІНДЕТТЕН ҚҰТҚАРАДЫ

Кеше аудан әкімдігінің Инстаграмм, Фейзбук әлеуметтік желілері арқылы тікелей эфирде онлайн брифинг өтті.

Оған аудандық аурухананың директоры Самат Тайшыбай мен аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Алтынгүл Аймұратова қатысып, аудан тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.

Осы орайда, брифинг барысында қойылған сауалдар мен берілген жауаптарды оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

– Қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты ауданда қандай жұмыстар жүргізілуде?

Алтынгүл Аймұратова:

Коронавирус инфекциясы – бұл «2019-nCoV» деп аталатын вирустық инфекцияның жаңа түрі. 2019 жылы Қытайдың Ухань провинциясында анықталды. Вирус өте жылдам тарайды. Аурудың белгілері дене қызуының көтерілуі, тұмау, бас ауруы, жөтел, тамақ ауруы, әлсіздік, іш өту, иммундық жүйесі әлсіз әрі төмен адамдарда жиі кездеседі. Сол сияқты сәбилер мен қарттар да сырқатқа тез ұшырауы мүмкін. Инкубациялық кезеңі – 2 күннен 14 күнге дейін. Бүгінгі таңда Қазақстанда екі сағаттың ішінде нәтиже беретін жаңа тест-жүйелері қолданылуда. Ол үшін қан мен несеп анализдері, зертханалық зерттеулер мен ПТР тапсыру қажет. Коронавирусқа арнайы диагностика тек медициналық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі. Инфекцияның берілу жолдары: көбінесе ауру адам жөтелгенде немесе түшкіргенде ауа тамшылары арқылы таралады.

Елімізде болып жатқан төтенше жағдайға байланысты жұмыстар атқарылуда. Алдымен аудан әкімінің өкімімен штаб құрылды. Штаб құрамында тиісті сала басшылары мен мамандары бар. Аурудың алдын алу және тұрғындар қауіпсіздігін сақтау мақсатында Сағыз ауылдық округі жанынан өткел қойылып, аудандық полиция қызметкерлері жұмыс жасауда. Сонымен қатар дезинфекциялық препараттарға келер болсақ ауданда қор жасақталған. Бұл жұмыстарды ұйымдастыратын жауапты мекеме бар. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар арқылы бұл жұмыстар ұйымдастырылады. Ал, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы тарапынан бір реттік бетперде, қорғаныш киімдерімен қамтамасыз етілген. Егер де күдікті ауру тіркелген жағдайда немесе ошаққа барған жағдайда пайдаланылады. Басқарма жанынан ұлттық сараптама орталығының аудандық бөлімшесі бар. Олар ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізу үшін арнайы оқытылды.

Самат Тайшыбай:

Жалпы, аудандық аурухана бойынша айтар болсам, әлемде қауіпті дерт анықталған жағдайдан бастап түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігері Балбибі Исжанова барлық ауылдық округтерді аралап, мектептерде, дәрігерлік амбулаторияларда түсіндірме жұмыстарын ұйымдастырып, тұрғындарға хабарлама-бетшелер тартылды. Барлық учаскелік дәрігерлер халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ауданда науқас анықталған жағдайда инфекция бөлімінен жеті керует отбасы мүшелерінен оқшаулау мақсатында эпидемия бөлімінен он керует дайындалды. Бүгінгі таңда ауданға Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан келген студенттер мен басқа да келушілер учаскелік дәрігерлердің бақылауында. Аталған қалалардан ауданға 158 студент пен басқа да келушілер келді. Олардың 76-і Алматы қаласынан, 32-і Нұр-Сұлтан қаласынан келген студенттер. Одан басқа алты кішкентей сәби бар. Олардың жағдайлары тұрақты, шағымдары жоқ. Жалпы, ауданда дәрі-дәрмектің қоры қырық ауруға дейін жеткілікті деңгейде. Барлық аудандағы дәрігерлік амбулаторияларға дезинфекция жұмыстарын жеке кәсіпкер М.Айтқалиев жүргізіп отыр.

Айта кетер жайт, аурудың алдын алу үшін тұрғындар сауаттылығы артып, жауапкершілікті жіті түсінгені абзал. Той-домалақ, еске алу басқа да отбасылық шараларды кейінге қалдырып, өзгенің де өзінің өміріне қауіп төндірмесе дейміз. Екі-үш сағаттық отырыстар орны толмас өкінішке ұрындыруы мүмкін. Осыны халық жете түсініп, сақтық шараларын қатаң сақтаса нұр үстіне нұр болар еді.

– Телеграмм арқылы емханаға біраз шағымдар түсіп жатыр. Самат Сәрсенұлы сіз соларды көріп ескеріп жатырсыз ба? Оларға қандай шара қолданылуда?

Самат Тайшыбев:

Телеграмм әлеуметтік желісі менің бақылауымда. Оған арнайы маман да бекітілді. Желіде қойылған сұрақтар бойынша тиісті мамандар жауабын дайындап, менің рұқсатыммен ғана желіге салады. Кеткен кемшіліктер бойынша айтар болсам барлық жұмыста кемшіліксіз болмайды. Мұның барлығы әр маманның өз жұмысына салғырт қарауы деп білемін. Осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде. Желі де айтылған кемшіліктер реттелді.

– Халыққа тегін бет перде мен дәрі таратылады ма?

Самат Тайшыбев:

Халыққа тегін бетперде де, дәрі де таратылмайды. Бас санитарлық дәрігердің нұсқаулығымен онкологиялық аурулармен ауыратын науқастарға ғана тегін бетперде беріледі. Ал басқа адамдарға ауырып жатқан жағдайда толықтай біз қамтамасыз етеміз.

– Мектептерге керуеттер кіргізілуде. Осы бойынша не айтасыздар?

Алтынгүл Аймұратова:

Қазақстан Республикасына төтенше жағдай енгізілгеннен кейін бұл жағдайға бізде дайын болу керекпіз. Аталмыш ауруға күдікті тіркеліп жатқан жағдайда оны ауруханаға жеткіземіз, ал онымен қарым-қатынаста болған адамдарды оқшаулау үшін Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының ғимаратын таңдап отырмыз. Өйткені, үлкен қалаларда қонақ үйлер, ауруханалар дайындалса, біздің ауданда басқалай мүмкіндік болмаған соң осы ғимарат таңдалып алынды.

– Баламыз тұмау немесе құрғақ жөтел ауырады. Сонда оны вирус жұқтырды деп жатқызасыздар ма? Әлде анализ аласыздар ма?

Самат Тайшыбев:

Олай үрейленуге болмайды. Жөтелген не түшкірген адамның барлығы вирус жұқтырған болып саналмайды. Қауіпті дерттің өзіндік клиникалық белгілері бар. Ал ауруды анықтау үшін қан, несеп анализі алынып, зертханалық зерттеулер жүргізіледі. Жақында осындай бір жағдай Ойыл ауылдық округінен тіркелді. Яғни, Нұр-Сұлтан қаласынан келген студенттің қызуы көтеріліп, тамағы ауырып шағымданды. Бұрын бізде мұндай жағдай тіркелмеген соң сақтық шараларын ұйымдастырып, анализдерін алып Атырау қаласына жібердік. Бірақ теріс нәтиже көрсетті. Сондықтан, барлық жағдайда сабырлық сақтап, халық арасына үрей туғызбау керек. Күдік туындаған жағдайда ауруханаға келмей, 103 телефонына хабарласып учаскелік дәрігерді үйіне шақыртуы керек.

– Ауылға келген студенттердің басқосуы жиілеп кетті. Оларды карантинге алуға боламай ма? Қалай бақылап отырсыздар?

Алтынгүл Аймұратова:

Ауданға Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан келген студенттер ол қалаларда карантин жарияланғанға дейін келген студенттер. Яғни, аталмыш қалаларда ауру анықталғанымен жұқтырғандардың барлығы басқа елдерден ұшып келген азаматтарда тіркелген болатын. Сондықтан, оларды карантин жағдайында ұстаудың қажеттілігі жоқ. Бірақ, барлығы да дәрігерлердің бақылауында. Топтасып жиналуға келер болар болсақ, студенттер мен халыққа баса айтарымыз адам көп шоғырланатын жерлерге бармаған дұрыс. Бұл жағдайлар уақытша ғана. Сондықтан, аудан тұрғындары қойылып жатқан талаптарды, сақтық шараларын қатаң сақтаған жөн деп есептейміз.

– Аудандық ауруханада карантин деп жарияланды. Қазіргі жағдайда қалай жұмыс жасауда? Науқастар қалай емделеді?

Самат Тайшыбев:

Аурухананың карантинге жабылуы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес жасалып отыр. Бұл стационарлық бөлімдерге арналған. Бұған дейін ауруханада жатқан науқастарға келушілердің кездесуіне, салемдеме берулеріне рұқсат берілетін. Қазір мұның бәрін тоқтаттық. Келушінің науқастармен кездесулеріне шектеу қойылды. Бұл жағдайға барлығы да түсіністікпен қарайды деген сенімдеміз.

– Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өз мәлімдемесінде: «Инфекцияның таралуы сәуір айында күшейуі мүмкін» деді. Осыған өз көзқарастарыңыз қандай?

Алтынгүл Аймұратова:

Жалпы, ауру елімізге авиарейстер арқылы тарап отыр. Яғни, ауру жұқтырғандардың көпшілігі өзге елден келгендер. Сол себептен де қазіргі таңда еліміз бойынша авиарейстерге шектеулер қойылды. Тек өзге елдерде қалып қойған қазақстандықтарды алдыру үшін рейстер шығарылуда. Мұның шарықтау шегі деп айтып отырғанымыз аурудың математикалық моделі. Яғни, вирус жұқтырған адам өзі ауырмаса да басқаларға жұқтырып, тасымалдаушы болуы мүмкін екендігін меңзеп отыр. Бұл ретте, сақтық шаралары қатаң сақталып, қойылған талаптар нақты орындалса аурудың таралуына тосқауыл бола аламыз. Сол себептен, біздің халықтан баса сұрайтынымыз сақтық шаралары, қажет болмаса көшеге шығуды да тоқтатуымыз керек.

– Төтенше жағдай елімізде ұзартылуы мүмкін бе?

Алтынгүл Аймұратова:

Елдегі жағдайға байланысты мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың төтенше жағдайды қысқарту не ұзарту үшін эпедимиялық жағдайды басшылыққа алады. Аурудың таралу деңгейі төмендеп, қауіп сейілсе төтенше жағдай қысқартылуы мүмкін.

– Ауданда короновирусті анықтайтын құрылғы бар ма?

Самат Тайшыбев:

Ондай құрылғы жоқ. Ауру белгілері байқалып, күдікті деп танылса сынамалары алынып, облысқа вирусты анықтайтын орталыққа жіберіледі.

– Аурдың беті әрмен. Сақтық шаралары қажет. Қазіргі таңда қауіпті дертке шалдыққандардың есімі неге жарияланбайды?

Самат Тайшыбев:

Жалпы, медициналық этика бойынша қай-қай ауруға шалдыққан науқастың атын жариялауға болмайды. Ол құпия түрде ұсталынады.

– Егер де ауданда вирус анықталған жағдайда білікті дәрігерлер бар ма? Өзге өңірлерден дәрігер алдырасыздар ма?

Самат Тайшыбев:

Ауру күрделеніп кетіп жатқан жағдайда әрине, дәрігерлер шақыртылады. Бірақ, қазір техниканың дамыған заманы онлайн түрде де байланысқа шығып, білікті дәрігерлерден кеңес алынып отырады.

– Алыс ауылдарда қандай жұмыстар жүргізілуде?

Самат Тайшыбев:

Медицналық аурухананың жағдайын айтар болсақ, ауданға қарасты барлық ауылдық округтердегі дәрігерлер, медбибілер семинар-кеңеске қатысып білімдерін жетілдіріп отыр. Тұрғындарға да түсінік жұмыстарын жүргізіп, аурудың алдын алу бағытында жұмыстар жүргізілуде.

– Неге емдеуші дәрігер емделушіні ақылы УДЗ-ға жібереді. Ауруханадан тегін неге түсірмейді?

Самат Тайшыбев:

Дәрігер ешқашан емделушіге ақылы УДЗ-ға бар деп айтпайды. Оған жолдама ғана беріледі. Сондықтан, әрбір азаматтың өз еркінде.

Дайындаған,

Гүлмира МАҚСОТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521