Елімізде жарияланған төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін ұзартылды. Алайда осы мерзім ішінде мемлекеттік орган белгілеген шектеулерді сақтамай, тәртіп бұзушылар саны артып келеді. Осы тұрғыда, аудандық сотта Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 476-бабы, 6) тармағына қатысты бес әкімшілік іс бір күнде қаралды. Аталған істердің барлығы да "True Conf" мобильдік қосымшасы арқылы қашықтықтан өткізілді.
Сотта анықталғандай, құқық бұзушылардың барлығы да, төтенше жағдайдың жариялануына байланысты аудан тұрғындарының көшеде жүруіне және көлік құралдарының қозғалысына кешкі сағат 21.00-ден таңғы 06.00-ге дейін мерзімде белгіленген шектеулерді сақтамай, көше бойларында жүріп, автокөлік басқарып, мемлекеттік орган белгілеген талаптарды сақтамаған. Сот қаулыларымен, 5 әкімшілік іс бойынша 5 құқық бұзушы да аталмыш кодексте көрсетілген заң талаптарына қайшы әрекет жасағаны үшін кінәлі деп танылып, олардың екеуіне үш тәулікке қамаққа алу жазасы тағайындалса, үшеуіне ескерту түріндегі жаза қолданылды. Ол, ол ма? Әлгінде айтқан, Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 476-бабы, 6) тармағындағы заң талаптарын пысқармай, төтенше жағдайдың жариялануына байланысты отбасы мүшелерін қоспағанда үш адамнан асатын топтардағы адамдардың қозғалысына белгіленген шектеуді сақтамай, бір топ құрдастар болып серуенге шығып, мемлекеттiк орган белгiлеген талаптарды орындамаған азаматтардың табылып жатқанын қайтерсің?
Соның бір айғағы - аудандық сотта «TrueConf» мобильді бейнебайланыс арқылы қашықтықтан онлайн режимінде қаралған алты әкімшілік іс айғақ. Жалпы, сот, әкімшілік жаза қолдану барысында, заң бұзушылыққа барған азаматар мен азаматшалардың өз кінәларын толықтай мойындауларын және шынайы өкінулерін ескереді. Соған сай, сот қаулыларымен, серуендеуге шыққан алты құқық бұзушыға ескерту түріндегі жаза қолданылды. Сондай-ақ, аудандық сотта Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 476-бабы, 2) тармағы бойынша да іс қаралып, құқық бұзушы Ж.Б. сот отырысына «TrueConf» мобильді бейнебайланыс арқылы қашықтықтан қатысты. Сотта анықталғандай, азамат Ж.Б. үй жағдайларындағы карантинге жатқызылған адам бола тұра, төтенше жағдайдың жариялануына байланысты, мемлекеттiк орган белгiлеген режимді бұзып, өзiнiң үйiнен кетуге тыйым салынғанына қарамастан, тұрғылықты жерінен тыс жерде алкогольдік масаң күйінде жүрген. Сол себепті, сот қаулысымен, азамат Ж.Б. кінәлі деп танылып, аталған бап бойынша 3 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынды. Сайып келгенде, қазақтың батыры Бауыржан Момышұлының "Тәртіпке бағынған құл болмайды, Тәртіпсіз ел болмайды" деген қанатты сөзін осындай сын сағатта жадымыздан шығармағанымыз дұрыс. Сонда ғана біз індеттің алдын алып, елімізді қауіп-қатерден сақтай аламыз.
Өз тілшіміз,
Сурет ашық дереккөзден алынды