Өмірдің мәні адамдық пен адалдық десек, осы қасиеттерді бойына терең сіңіре білген ардақты азаматтар ел есінде ұзақ сақталатыны анық. Солардың бірі еңбек жолын қарапайым жұмысшы мамандығынан бастап, адал еңбек, маңдай терімен көтеріліп, ауданның қоғамдық-саяси өміріне етене араласып, бар саналы ғұмырын елі мен жеріне қызмет етуге арнаған ардақты азамат Мұхтар Кенғанов еді.
Электромонтерлықтан басталған сара жол Мұхтар Мұрынбайұлы - 1964 жылдың 19 тамызында сол кездегі Ембі (Жылыой) ауданы, Құлсары поселкесінде қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келді. Жастайынан еңбекке ерте араласқан ол алғашқы еңбек жолын 1981 жылы Ембі электр жүйесі кәсіпорнында қатардағы электромонтер болып бастады. Бұл қызмет оның жауапкершілік пен табандылыққа толы кәсіби өмірінің бастауы болды. 1982-1984 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтеп, азаматтық парызын адал атқарды. Елге оралған соң Оңтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясында қарапайым дизелист ретінде еселі еңбек жолын жалғастырды. Ал 1985-1992 жылдары «Прикаспий» өндірістік- техникалық байланыс басқармасына қарасты №5 Құлсары байланыс цехында түрлі техникалық қызметтерді атқарып, кәсіби тұрғыдан шыңдалып, өсе білді. Атап айтқанда, электромонтер, электромеханик, ІІ категориялы байланыс инженері қызметтерін абыроймен атқарған ол бұл салада мол тәжірибе жинақтады. Бірақ өзіне де, өзгеден де талап қоятын майталман маман қызметте бір орында тоқтап қалмады. Еліміздің егемендігі орда бұзар отызды алқымдап қалған азаматтың бойына ерекше күш-жігер сыйлады. Бұл 1992 жылдан кейінгі Мұхтар Мұрынбайұлының еңбек жолынан айқын көрініс тапқан. Ол осы уақыттан бастап 1999 жылға дейін «Теңізмұнайгаз» акционерлік қоғамында жетекші инженер, №2 «Теңіз» байланыс цехының бастығы, басқарма бастығының орынбасары секілді маңызды қызметтерді абыроймен атқарады. Көп ұзамай «Теңізстройсервис» ЖШС-де бас энергетик қызметіне тағайындалып, онда да 2003 жылға дейін жасап, кейін «Қазақтелеком» ААҚ-ның Мақат аудандық телекоммуникация торабының директоры болып бір жылға тарта жұмыс жасады. Мұхтар Мұрынбайұлы 2004 жылы мемлекеттік қызметте де бағын сынап көрді. 2006 жылға дейін Құлсары қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқаруы – соның айғағы. Бірақ кейін байланыс саласына кері оралып, «Қазақтелеком» АҚ «Теңізсервис» орталығының бастығы, аудандық телекоммуникация торабы директорының міндетін атқарушы қызметтерін адал атқарып, облыстық телекоммуникациялар дирекциясының пайдалану бөлімінің басшысы қызметіне дейін көтерілді. Әуелден қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын Мұхаң сол кездегі «Нұр Отан» партиясының белді мүшесі ретінде басшылық тарапынан қолдау тауып, Жылыой аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болды. Сол арқылы елдегі жетекші партия жұмысының ілгері басып, сапалы жүруіне зор ықпал етті. Сол уақыттарда саяси науқандарға да белсене қатысып, аудандық мәслихаттың депутаты болып бірнеше мәрте сайланды. Халық қалаулылары оны аудандық мәслихаттың төрағасы етіп бірауыздан сайлады. Осылайша Мұхтар Кенғанов 2007 жылдың 5 қыркүйегінен бастап өмірінің соңына дейін мәслихат хатшысы қызметін абыроймен атқарды. Бұл кезеңде оның біліктілігі мен іскерлігі, парасаттылығы мен қоғам алдындағы жауапкершілігі айқын көрініс тапты. Мәслихаттың сан салалы жұмысының жүйелі жүруіне, ел арасындағы түйткілді мәселелердің шешілуіне, депутаттық корпус пен халық арасындағы байланыстың нығая түсуіне өлшеусіз үлес қосты. Қара халық арасынан шыққан қарапайым жұмысшы азамат халық қалаулысы ретінде бұқараның бұйымтайын билікке батыл жеткізіп, өзекті өртеген өткір мәселелердің тез әрі сапалы шешілуіне ықпал етті. Бірақ мезгілсіз келген ажал атпал азаматтың алдына қойған асқақ арманы мен айқын мақсатын аяғына дейін іске асыруға мүмкіндік бермеді. Бар болғаны 56 жасында кенеттен дүние салды. Қара халықтан шыққан халық қалаулысы ағамыз аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып, аудан жастарын бірлікке шақыра білді. Міне, Мұхтар осындай аға буыннан алған ұрпақ сабақтастығын жүйелі жалғастырып, сара жолмен жүре алды. Мен мұның барлығын айтып отырған себебім, жалпы Кенғановтар әулетінің әуелден білімді, тәрбиелі әулет екенін жеткізу еді. Иә, Мұхтар өмірінің соңғы жылында аудандық мәслихатты басқарды. Бұл ретте мәслихаттың мемлекеттік құрылымда үлкен орны бар орган екенін айта кеткеніміз жөн. Ол депутаттардың арқалап келген мұң-мұқтажын шешіп, ел ішіндегі мәселелерді реттеуші ұйым болып есептеледі. Мен онымен 5 жыл жұмыстас болдым. Мұхтарды еліне нағыз жанашыр адам ретінде білемін. Қазақта «Елге қызмет - ерге міндет» деген сөз бар. Жылыой өңірі Қашаған кен орны іске қосылғанша, Атырау облысы экономикасының 80%-ын ұстап тұрды. Сол кезде осы мәслихаттың атқарған жұмысы өте көп және ол нәтижелі болды. Яғни, Мұхтар сондай жауапкершілігі мол қызметті лайықты атқара білді, - деді. Өз естелігімен бөліскен мәслихат депутаты Сәуле Мәмбетова да Мұхтар Мұрынбайұлының теміртей тәртіпке негізделген басшылық қызметін еске алып, оның үлкен мектебінен өткенін ашық айтты: -Ең алғаш депутат болған жылдары, шыны керек, бұл қызметтің бағыт-бағдарын түсінбедім. Жаспыз ғой, жиналыстарға қатысып жүре беретін шығармыз деп ойладым. Сөйтіп бір күні, 9-учаске тұрғындарымен кездесетін болып, жұрттың не мәселе айтатынын тыңдауға бардым. Жанайқайын жеткізген тұрғындардың түрлі мәселелерін тыңдап алдым да: «Бәрі болады, бәрін жасаймын, бәрі орындалады» деп, шынымен бәрін қатыра алатындай, қолымда үлкен билік тұрғандай сөзіме сендіріп кеттім. Сөйтсем, ол оңай жұмыс емес екенін кейін түсіндім. Қарапайым халықтың арыз-шағымын түртіп алып, Мұхтар ағама келдім. Ол бәрін ой елегінен өткізіп, 9-учаске тұрғындарының талабын орындауға көмектесті. Әлі есімде, халықтың бір қалауы орындалып, «Анашым» балабақшасы ашылғанда, төбем көкке жеткендей қуандым. Одан кейін қаншама іс соңына дейін жетті, қаншама мәселе шешімін тапты. Мұхтар ағамен қызметтес болған уақыттары мен оның үлкен тәрбие мектебінен өттім деп айта аламын. Ол жұдырығымен үстелді қойып қалғанда мен секілді жас депутаттар селк етіп, еңсемізді көтеріп, ойымызды бірден жинап алатын едік. Бұл сол уақытта бізге берілген үлкен мотивация болды. Сондай қатаң тәртіппен сап түзедік, тәжірибе жинадық, айтар сөзіміз бен жасар әәрекетіміз де қатар өрбіп, елге бас-көз болдық,- дейді Сәуле Мәмбетова. Иә, қазақ «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп бекер айтпаған. Ғибратты ғұмырында өлкеміздің өркендеуіне бар өмірін сарп еткен азамат жайлы тағылымды кешке арнайы келген әріптес, замандас, достары естен кетпес естеліктерімен бөлісті. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының экс-депутаты, қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов, аудандық мәслихат ардагері Сағынбай Бектілеуов, замандасы Сайлауғали Кенжеғалиевтер де бар еді. Шара соңында Мұхтар Мұрынбайұлының ұл-қыздарының арнайы дайындаған естелік альбомына жиналған жұрт көкейдегі жақсы әңгімелерімен бөлісіп, қолжазбаларын да қалдырды. Артында қалған ұрпағына ақ тілектерін жаудырып, елге сіңірген еңбегінің ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді. Мәслихат депутаты Сәуле Мәмбетова Мұхтар Кенғановтың аты көше атауына берілсе деген ұсынысын білдірді. Ол ұсыныс көптің көңілінен шығып, халық қалаулысы атанған азаматтың мұндай марапатқа әбден лайық екені айтылды.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ