Соңғы кезде жол-көлік оқиғаларының жиі орын алуы көпшілікті алаңдатып отыр.
Өйткені, көлік жүргізушілерінің кінәсінен бой көтеретін жол апатының арты көбіне-көп қайғылы жағдаймен аяқталып жүр. Мұндай жайт, әсіресе жолаушы тасымалымен айналысатын көлік жүргізушілері тарапынан жиі орын алуда. Сондықтан, көптеген ауыр жағдайға душар болған жандардың өмірінен тағылым ала отырып, жол ережесін бұзбауға, көлікті тәртіп сақтай отырып жүргізуге, жылдамдықты шамадан тыс асырмай айдауға үйрену керек.
Менің ойымша, жүргізуші жол қозғалысы ережесінің талаптарын білсе де, көлікті жақсы басқарса да, оны басқа жүргізуші жол қозғалысы ережесін бұзуға итермелеуі мүмкін. Сол себептен, көлікті басқару кезінде қашанда жинақы болып, көлікті белгіленген жылдамдықтан асырмаған дұрыс. Еске салатын тағы бір жайт, жолаушы тасымалымен айналысатын көлік жүргізушілерінің баратын жеріне тым ерте шығуы да кейде жол апатының орын алуына әкеледі.
Мәселен, Миялыдан көліктер таңғы сағат 5.00-терде қозғалса, Тасшағыл, Қаракөл ауылының таксилері одан да ертерек жолға шығады. Осы мәселе айтылып жүргенімен әлі шешілмей тұр. Ол үшін жолаушы тасымалымен айналысатындарды Миялыдағы таксопаркке топтастыру қажет секілді. Бір орталыққа бағынған соң көліктер белгіленген уақытпен жүреді әрі жүргізушілер медициналық тексерістен өтеді. Сонда ғана жол апатын азайтуға мүмкіндік туады.
Сайлаубек ТЕМІРҒАЛИЕВ,
аудандық мәслихат депутаты