Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Бір орталықтан басқарылған жөн

Заман өзгеріп, техникалық прогресс дамыған сайын халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып, ауылда көліктің түрі көбейді.

Жол қатынасы да жақсарды. Бұрынғыдай Атыраудан таңертең шықсаң күн бата, түстен кейін шықсаң таң ата ауылға келетін заман артта қалды.

«Кеше қалаға барып келдім. Таңертең кетіп едім, базардан оны-мұны шаруамды бітіріп, түстен кейін келдім. «Бәленше» деген жігіт мықты екен, төрт жарым сағатта апарып, сол уақытта алып келді» деп біреулер кейде айтып отырады. Міне, осындай мықтылықтың салдарынан қаншама адам өмірден жол апатына ұшырап, опат болып жатыр. Біз бұл мәселені осыдан біраз уақыт бұрын аудандық қоғамдық кеңесте қарап, тиісті орындарға тапсырмасын бергенбіз. Алайда, әлі нәтиже жоқ. Сонда, бұл мәселеге жауапты құзырлы орындар оңтайлы жұмыс жасауға толық көшпеді деген сөз. Қазір қыстың көзі қырауда. Яғни, күн қазір ашық болып тұрса, аяқ астынан боран басталып кетуі мүмкін. Сол кезде далада қалған көліктер қалай құтқарылады?

Осыған байланысты аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы есебінде бірнеше ұсынысым бар.

1. «Миялы-Қарабау-Атырау», «Миялы-Сағыз-Атырау» бағытында жолаушы тасымалдайтын көліктерді бақылауда ұстау қажет. Ол үшін бір жерден басқаратын құрылым құрылғаны жөн.

2. «Миялы-Атырау», «Атырау-Миялы» бағытында ертеңгілік сапарға шыққан автомашина жүргізушілері жан-жақты медициналық сараптамадан өтуі керек. Және олардың сол күні кері қайтуына жол берілмесін. Сондай-ақ, олардың жас ерекшеліктері мен тәжірибесі ескерілуі тиіс.

3. Алыс қашықтыққа жол жүретін автокөліктер тек қана түске дейін жіберіліп, түнде жол жүрулеріне тыйым салынсын. Сонымен қатар, қыстың күндері далада қалған машиналарды құтқару үшін арнайы топ құрылып, үнемі дайын тұруы тиіс. Мұның бәрі сақтық шаралары.

Сондықтан, адам өміріне бей-жай қарамай, жауапкершілік жүгін сезініп, сақтанып жүрген абзал ағайын.

 

Құмар ХАСАНОВ,

аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT