Жалпы еріктілер ұғымы біздің халқымызға таңсық дүние емес.
Бұрын ата-бабаларымыз ауылда біреу үй салса өз еріктерімен келіп қолғабыс еткен, біреудің малы қырылса қораларынан бір-бірден мал апарып оған да көмектескен. Мұны қазақта "Асар" деп атайды. Ал, кеңес үкіметі тұсында «Тимуршылар» деген еріктілер ұйымы болған. Ал, қазір заманауи тілде еріктілерді «Волонтер» деп атайды. Бір сөзбен айтқанда еріктілер дегеніміз – өз еркімен, ақысыз түрде қоғамдық жұмыспен айналысу. Біздің ауданымызда ерікті түрде қайырымдылық және қоғамдық жұмыстармен айналысып жүрген жандар жетерлік.
«Жүрекке жол», «Иман жастары» топтары Миялы ауылы мен Сағыз ауылында белсенді жұмыс жасаса, қайырымдылық бағытында «Қызылқоға – құтты мекенім» қоры біраз игі істерді атқарып келеді. Одан бөлек, өз еркімен қайырымдылық жасап жүрген жеке кәсіпкерлеріміз қаншама?! Жалпы алғанда ауданда еріктілер мектебі қалыптасқан деуге толық негіз бар. Ал, енді «Ауданда еріктілер жылында қандай жұмыстар атқарылады?» деген сауалға жауап берсек. Жалпы, жергілікті әкімдік тарапынан еріктілерге «Былай жаса, шараларға қатыс, жұмысты ұйымдастыр» деп тапсырма берілмейді.
Біздің міндет – ерікті азаматтарды қолдау. Сол мақсатта аудандық ішкі саясат бөлімі арқылы әлеуметтік тапсырыс шеңберінде бірнеше іс-шаралар ұйымдастыру жоспарда бар. Іс-шаралар барысында әр тоқсан сайын еріктілер жұмысын жандандыру мақсатында семинарлар, акциялар, байқаулар өткізіледі. Оған ерікті азаматтарды көптеп тартып, сол арқылы волонтер қызметін жандандыруды жоспарлап отырмыз.
Қорыта айтқанда, біздің тарапымыздан еріктілерге жан-жақты қолдау көрсетіледі. Тек осы мүмкіндікті пайдаланатын еріктілер тобы көбейсе деген тілек бар.
Азамат ЖАҚСИЕВ,
аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы