Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Энергетика саласын дамытудың ұлттық жобасы қажет

Таяуда Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығметуллиннің төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдады.

Оның айтуынша, Қазақстанның энергетикалық жүйесі қазірдің өзінде энергия жүйесін теңгеретін маневрлік қуаттардың тапшылығын сезінуде.

Өйткені, электр стансаларының негізгі генерациялайтын жабдықтарының үштен бірінен астамы өздерінің парктік ресурсын сарқып алды. Еліміз бойынша орта есеппен электр желілерінің тозуы – 60 пайыздан, ал жылу желілерінің тозуы – 50 пайыздан асады. Жыл сайын жергілікті атқарушы органдардың теңгерімінен пайдаланушы ұйымдардың теңгеріміне берілмеген желілердің саны ұлғаюда.

– Электр энергетикасы саласын дамытуда шұғыл мәселелерді шешуге бағытталған кешенді бағдарламаның болмауы биылғы жылы Атырау қаласы мен облыстың бірқатар аудандарының электр энергиясынсыз қалуына алып келді. Бұл апат еліміздің батыс өңірінің Ресей Федерациясының энергия жүйесімен байланысының әлсіздігін және батыс өңіріндегі энергия жүйесінің бірыңғай энергия жүйесімен байланысының болмауын көрсетті, - деді Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов.

Сонымен бірге, қолданыстағы тарифтік реттеу де электр энергетикасын дамытудың маңызды проблемасы болып табылатынын атап өткен депутат:

– Бұл ретте, елімізде бірыңғай салалық реттеушінің болмауы электр энергетикасы саласында қарама-қайшы мемлекеттік саясатты қалыптастырып, аталмыш саланың құлдырауына алып келеді, - деді.

Сөз соңында депутат Дүйсенбай Тұрғанов электр энергетикасындағы ахуалды жақсарту және оны одан әрі серпінді дамыту мақсатында шұғыл мәселелерді шешу үшін электр энергетикасы саласын дамытудың ұлттық жобасын дайындау, тариф белгілеу саласында ұзақ мерзімді мемлекеттік саясатты әзірлеу, энергия беруші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдар үшін рентабельді және шығынсыз қызмет жағдайларын жасау мақсатында электр және жылу энергиясы саласында тариф белгілеу саясатын толық қайта қарау және жаңарту, электр энергетикасы саласында бірыңғай салалық реттеуші құру мүмкіндігін қарастыру, көмірдің, газдың және отын тасымалдау тарифтерінің құнын, сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдарды ең озық қолжетімді технологияларды енгізуге ынталандыратын тетіктерді мемлекеттік реттеу мүмкіндігін қарастыру қажет деген ұсынысын жеткізді.

Бауыржан САҚТАСИНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT