Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жұмыссыздар оқытылуда

2019 жылы «Теңізшевройл» ЖШС-нің басшысы мен облыс әкімінің арасында меморандум жасақталып, облыс бойынша жұмыссыз азаматтар деңгейін төмендету мақсатында 7 мамандық бойынша оқулар жүргізіліп келеді.

Оған дәлел, жақында «Арман» мәдениет үйінде APEC Petro Technic ЖШС колледжі мен «West Way Service» ЖШС оқу орталықтарының өкілдері жұмыссыз азаматтардың басын қосып, құрылыс мамандықтары бойынша тегін оқуға шақырды.

Оқу барысында электр монтаждаушы, металл конструкцияларын дәнекерлеуші, металл конструкцияларын монтаждаушы, құрылыс ағаштарын монтаждаушы, БӨАжА монтаждаушысы, жалпы құрылыс жұмыстары жөніндегі жұмысшы (бетоншы, қалыптаушы, арматуршы, құбыр монтаждаушы) секілді кәсіп түрлері 3 ай мерзімінде тегін оқытылып, практикалық тұрғыда біліктілігін арттырып, арнайы сертификаттар табыс етіледі. Шалғай аудандардан келген азаматтар тегін жатақхана мен үш мезгілдік ас мәзірімен қамтамасыз етілетін болады. Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жұмыспен қамту бөлімінің бас маманы Дина Әбешованың айтуынша, биылғы жылы 700 адамды оқыту жоспарлануда.

Ақпан айында Мақат ауданынан бастау алған үгіт-насихат жұмыстары Индер, Исатай, Махамбет аудандарында және Атырау қаласында жүргізілді. Қазіргі таңда Қызылқоға ауданымен қатар қосымша Жылой, Құрманғазы аудандарында да жүргізілді. Биылғы оқу жылы 1 наурыздан басталып, екінші оқу 9 наурызда жалғасын таппақ. Тамыз айында тағы да іріктеу жұмыстары жүргізілетін болады. Шараға қатынасқан 72 жұмыссыз тұрғынның 64-і тест тапсырып, қорытындысы алдағы күндері аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарланатын болады.

- Алған тест нәтижелерін іштегі аналитика мамандарына жібереміз. Олар барлығын мұқият тексеріп, қанша пайыз жинағандарын айтады. Әр мамандықтың қиындығына қарай оның өзіндік шекті деңгейдегі балдары болады. Мысалы, жалпы құрылыс жұмыстары бойынша шекті деңгейдегі балы 60 пайыздан жоғары болу керек, - дейді APEC PetroТechnic жоғарғы колледжінің оқыту ісі бойынша маманы Талғат Сабырғалиев.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521