АСТАНА. ҚазАқпарат – 1 тамызда E-Qazyna.kz платформасында қатты пайдалы қазбаларды (ҚПҚ) барлауға құқық беретін еліміздегі алғашқы электронды аукцион ұйымдастырылады, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметі бойынша, осыған дейін пайдалы қазбалар бойынша мұндай форматта аукцион өткізілмеген.
Еліміздің минералды-шикізат базасын толықтыруға арналған сауданы ұйымдастыру үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп, оны өткізудің ережелері жан-жақты қаралып, тетігі әзірленді. Барлық учаске туралы ақпарат Қазақстан картасында көрнекіленіп, сондай-ақ статистикалық мәлімет пен басқа да деректер блогы қарастырылған. Электронды аукцион жер қойнауы игеру бағытын дамытып, инвестициялық тартымдылықты арттыруда маңызды қадам болып саналады.
Осы уақытқа дейін мемлекет ҚПҚ кен орындарын игеруге құқық беретін дәстүрлі аукциондарды өткізіп келгенін айта кетейік. Енді тамыздан бастап сауда форматы онлайн режімде қолға алынып, аукцион әлемнің кез келген жерінен қол жетімді болады. Бұдан басқа аукционға қатысушылар бір-бірін көрмейді. Демек қандай да бір уағдаластықты алдын алып, қатысушылар арасындағы бәсекелестікті арттырады. Нәтижесінде мемлекеттік қазынаны толықтыру үшін неғұрлым тиімді ұсыныстарға жол ашылады.
Аталған аукцион 1 тамызда сағат 10:00-ден басталады. Егер де сауда лоттар жабылғанға дейін қарқын алса, онда 17:00-ге (АСТ) дейін жалғасады.