Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2030 жылға қарай суармалы жерлердің көлемін 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуды тапсырды.
Осы тұрғыдан алғанда ауыл шаруашылығына шетелдік инвесторларды тарту өзекті мәселе. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы ғылымындағы жағдайға ерекше назар аударуды талап ететінін атап өтті. Онсыз біз ұлттың келешектегі дамуын қамтамасыз ете алмаймыз. Үкімет бұл проблеманы шешуге ғылыми-зерттеулердің деңгейін арттыру және соны тәжірибеде қолдану тұрғысынан қарағаны жөн.
Әлемдік ауыл шаруашылығы саласы заманауи жағдайда өндірілетін өнімнің ғылымды қажетсінуін күшейту бағытында дамып келе жатқандықтан, бұл жағдайда Қазақстанға да даму институттарында, ғылыми орталықтарда және технологиялық жобаларда жетекші ғылыми бағдарламаларды практикалық тұрғыдан байланыстыру керек. Саланың тиімділігін арттыруға бағытталған агросекторды инновациялық дамытудың объективті де шынайы, мемлекет жақсы қолдайтын осы заманғы стратегиясы қажет. «Ақылды» суландыру, тыңайтқыштарды қолдану және ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыруды енгізу жағдайында ғана елеулі табыстарға қол жеткізуге және ауыл шаруашылығын, соның ішінде егіншілік саласын әлемдік деңгейде толық бәсекеге қабілетті етуге болады.
Бұл орайда, негізгі күн көрісі мал шаруашылығы болып отырған Қызылқоға ауданы енді егін шаруашылығына ден қоюы тиіс деп есептеймін. Себебі, талаптанған адамға жер-ананың берері мол.
Айымгүл ҚОСЫБАЕВА
Сурет: Ашық дереккөзден