Елбасы Н.Назарбаев «Болашақ – білімді ұрпақ қолында» деп атап көрсеткеніндей, мемлекетіміздің өркениетті даму деңгейіне жетуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі кітапханалары – оқырмандарды білім нәрімен сусындатып отырған рухани қазына орталығы.
Еліміздің тағдыры өсіп келе жатқан ұрпақтың біліктілігі мен білімділігіне байланысты десек, аудандық орталық кітапхана – заман талабына сай білім мен ғылымның, шығармашылық және мәдени дамудың, ақпараттық жетістіктерін насихаттауда ел игілігіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан мәдениет ордасы. Қазіргі уақытта еліміздегі басты рухани құндылықтарды айқындайтын, мазмұны терең, ауқымы өте кең, ұлт руханиятын ХХI ғасыр биігіне көтеретін, сонымен қатар ғылым, білім, мәдениет пен тарихты тұтастай қамтитын ұлттық рухани жаңғыру бағдарламасы кітапхана саласына да көптеген жаңа міндеттер артты.
Сол себепті, рухани жаңғыру мен кітапхананың жұмысы бір бағытта өрбиді десек болады. Кітапханада «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында көптеген рухани-мәдени шараларды іске асырылуда. Айталық, аудандық орталық кітапхана жүйесіне қарасты барлық кітапханалар – ақпараттың ордасы, орталығы ретінде жас мөлшеріне қарамай әлеуметтік әр топтағы оқырмандарға, сапалы қызмет көрсету басты міндеті деп білемін. Жыл сайын кітап қоры оқырмандардың сұранысы мен талабы бойынша жаңарып, толықтырылып отырады. Сондықтан да кітапхананың жұмысы күнделікті ақпараттың және жаңалықтың алаңы ретінде оқырмандарға қалтқысыз қызмет ету аясын кеңейту жолдарын іздестіріп, әрбір қазақстандық азаматтың рухани өсуіне мол үлес қосып, рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыруда аянбай еңбек етуге тиісті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл – ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде. Келесі жылдан бастап Үкімет мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуі тиіс. Сондай-ақ, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі керек» деген болатын.
Ендеше, Президенттің мәдениет қызметкерлерін қолдау туралы айтқаны қоғамда кітапханашының статусын көтеріп, беделін арттырары сөзсіз. Ол үшін кітапханашылар, осы сенімге лайық болуымыз керек. Соған сай, Сағыз ауылдық кітапханасында аудан кітапханашылары арасында «Рухани жаңғыру аясындағы кітапханалар міндеті» атты аудандық көшпелі семинар өтті. Онда алдымен «Шұғыла» мәдениет үйінің директоры Ғафура Жанбосынова бастаған ұжым мүшелері аудан кітапханашыларын шашу шашып қарсы алып, күмбірлеген күймен, әуезді әнмен қошеметке бөлесе, Сағыз ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Нұралы Әбишан мен аудандық орталық кітапхана директоры Т.Базарбаев құттықтап, шығармашылық шабыт тіледі.
Семинарда аудандық орталықтандырылыған кітапхананың ақпараттық – библиографиялық қамтамасыз ету секторының меңгерушісі Г.Айсағалиева «Кітапхана жұмысын дамытудағы жаңаша жұмыс түрлері», кітап қорын толықтыру және өңдеу секторының меңгерушісі Г.Озғанбаева «Кітапханадағы заманауи қызмет жүйесі», Оқырмандарға қызмет көрсету секторының кітапханашысы К.Сатаева, «Коворкинг орталығы - кітапхананың жаңа келбеті», бірыңғай қорларды ұйымдастыру және пайдалану секторының меңгерушісі А.Кусанова «Кітапханалық өлкетану жұмыстары және оларды ұйымдастыру», ақпараттық-библиографиялық қызмет көрсету секторының библиографы Н.А.Жексенғалиева «Виртуалды кітап көрмелері арқылы оқырмандар қызығушылығын ояту», Сағыз ауылдық кітапханасының кітапханашысы А.Ж.Қайрлиева «Абай мұрасы – асыл қазына» тақырыптарында баяндама жасады. Сол сияқты «Абай оқулары» тақырыбында кітапханашылар арасында байқау өтті. Онда бас жүлдені иеленген Ардақ Айжарқын облыстық байқауға жолдама алса, Кенбай ауылдық кітапханасының кітапханашысы Гүлдана Жақсыбаева І орынды, Жантерек ауылдық кітапханасының кітапханашысы Гүлзада Қашқынбаева ІІ орынды, Көздіғара ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ләйлагүл Махан ІІІ орынды иемденді. Байқауға жақсы дайындалып, кәсіби шеберліктерін көрсеткен кітапханашылар арнайы дипломмен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қысқасы, кітапханашылар семинар барысынан тағылымды тәжірибелік көмек алып, аудан кітапханаларының жұмысының жақсаруына өз үлестерін қосады деген сенімдеміз.
Гүлжан АЙСАҒАЛИЕВА,
аудандық орталық кітапхананың ақпараттық- библиографиялық қамтамасыз ету секторының меңгерушісі
Сурет: ашық дереккөзден