Еліміз Тәуелсіздік алғанына да биыл аттай зулап 31 жыл толып отыр. Сол жылы шыр етіп дүние есігін ашқан сәбилер сапалы білім, саналы тәрбие алып, бүгінде халыққа қалтқысыз қызмет етуде. Солардың ішінде егемендікпен бірге есейген мемлекеттік қызметкерлер жетерлік.
Мәселен, аудан әкімі аппаратының жалпы бөлімінің бас маманы болып жасайтын Гүлім Қуандыққызы әкімдікке келетін әрбір арыз-шағымды мұқият қабылдап, келушілерге сапалы қызмет көрсетсе, Ойыл және Қызылқоға ауылдық округтерінде бас маман-есепші болып жұмыс жасайтын Гүлзура Тілеулесова мен Айнұр Шаткарина өз ісінің кәнігі мамандары.
Ал, аудандық экономика және қаржы бөлімінде үш бірдей Тәуелсіздік құрдасы қызмет етеді. Ержан Сапиев аталмыш бөлімнің сектор меңгерушісі болып басшыдан кейінгі ұйымдастыру жұмыстарына жауапты болса, Думан Нығметов пен Гүлназым Сәбекенова есепке жүйрік, жұмысқа тиянақты қызметкерлер. Бұлардың барлығы да қызметтен бөлек отбасында үлгілі әке, шаңырақты шуаққа бөлеп отырған ана. Ендеше, егемендікпен бірге есейген осынау мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына табыс, отбасыларына амандық тілейміз.
Дулат МӘТЖАН