Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЕҢБЕКПЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

Асқат Саламатұлы 1967 жылы Атырау облысы Есбол ауылдық округінде дүниеге келген. Мектеп қабырғасынан-ақ еңбекке бейім болып өскен ол 1984 жылы он жылдықты аяқтағаннан кейін бірден Заурал совхозында комсомол жа­стар бригадасына шопан болып, жұмысқа орналасады. Бұл кезең – еліміздегі ауыл шаруашылығы қарқынды дамып тұрған уақыт. Асқат аға жастайынан қиындықтан қашпай, күннің аптабы мен аязына қарамастан мал бағу секілді ауыр да жауапты істі үлкен жауапкершілікпен атқара білді.

1985-1987 жылдары Кеңес армиясы қатарында азаматтық борышын өтеген соң кәсіби білім алуға бел буады. Ол Батыс Қазақстан ауылшаруашылық тех­никумына түсіп, 1991 жылы мал дәрігері мамандығын алып шығады. Бұл таңдау жай ғана кәсіп емес, өмірлік жол еді. Оның айтуынша, “Мал дәрігері болу – табиғатпен етене жақын өмір сүру, жануарлардың жанын түсіну, кейде тіпті адамнан да артық сезінуді қажет ететін мамандық. Бұл — нағыз жүрекпен таңдалатын кәсіп”.

Оқу ордасында білім алып жүрген жылдары Асқат Саламатұлы өмірлік серігін кездестіреді. Мал дәрігерлік мамандығында бірге оқыған оралдық Тұрсынай Жетібайқызын туған ауылына алып келіп, келін атандырады. Екеуі бір салада қызмет етіп, ел үшін аянбай еңбек етеді. Бүгінде олар бес перзент тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы: төрт қыз, бір ұлдың ата-анасы. Ұлы Махамбет пен қызы Ботагөз — ата-аналарының жолын қуып, мал дәрігері мамандығын таңдап, осы салада қызмет етіп келеді. Жұбайы Тұрсынай Жетібайқызы да — білікті ма­ман, көп жылғы тәжірибесімен ауыл тұрғындарының сенімінен шыққан жан.

Асқат Қабесов мал шаруашылығына, ауыл тіршілігіне деген сүйіспеншілігін ешқашан жоғалтпаған. 1991-1997 жылдары аралығында ол қайтадан Заурал со­вхозында шопан болып, қызмет атқарады. Ал 1997 жылдан бастап күні бүгінге дейін ветеринария саласында табан аудармай еңбек етіп келеді. Қазіргі уақытта ол Есбол ауылдық округінің мал дәрігері ретінде өз міндетін абыроймен атқарып жүр. Ел ішінде абыройлы маман ретінде танылған Асқат Саламатұлы өз кәсібін жан-тәнімен сүйеді. Оның кәсібилігі мен жауапкершілігіне тұрғындар да, әріптестері де сеніммен қарайды.

Еңбектен қол үзбей жүріп, білімін жалғастыру — кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Асқат Қабесов 2010-2013 жылдары Батыс Қазақстан облысындағы Жәңгір хан атындағы ауылшаруашылық институтын сырттай оқып, мал дәрігері мамандығы бойынша жоғары білім алады. Бұл оның өмір бойғы үйрену мен даму жолында еш тоқтамағанын айқын көрсетеді.

Асқат Саламатұлы — еңбек адамының жарқын үлгісі. Оның өмір жолы — тек кәсібіне адалдықтың ғана емес, сонымен қатар қарапайым еңбек арқылы үлкен бедел мен құрметке жетудің айқын дәлелі. Жұмысшы мамандықтар жылы ая­сында Асқат ағадай азаматтардың еңбегі лайықты бағаланып, жастардың да осындай еңбек жолына бет бұруына себеп болады деп сенеміз.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT