Кәсібін сүйіп, ісіне адалдық таныту – еңбек адамының ең бірінші асыл қасиеті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды, – деген еді.
Әрине, әр саланың өз қиындығы мен қызығы болады. Кәсібінің шебері болу – әрбір жанның мамандыққа деген жауапкершілігінен бастау алары сөзсіз. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязында қолайсыз жағдайлардың бел ортасында жүретін еңбек адамының қызметі ерен. Дәл осындай еңбегімен ел алғысына бөленіп, Сарайшық ауылының көркеюі жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі – Мақтымкұлов Абдрахман Жұмажанұлы. Ол 1983 жылдың 26 тамызында Сарайшық селосында дүниеге келген.
1989 жылы Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебіне қабылданып, 1998 жылы осы мектептің 9 сыныбын бітіріп, негізгі орта білім аттестатын алады.
1998-2001 жылдар аралығында Сарайшық ауылындағы №7 кәсіптік техникалық мектепке үш жылдық оқу мерзімімен «Шаруа және фермер қожалықтарын ұйымдастырушы» мамандығы бойынша оқуға түсіп, аяқтап шыққан.
Алғашқы еңбек жолын 2001-2008 жылдар аралығында Сарайшық жүйке-тамыр аурулары интернатында жүргізушіліктен бастаған.
2008-2012 жылдар аралығында ауылда көп салалы «Нұр-Иба» ЖШС -де жүргізуші болып, қызмет етіп, 2012 жылдан күні бүгінге дейін Махамбет көпбейінді ауылшаруашылық колледжінде жүргізуші болып, қызмет атқарып келеді.
Абдрахман өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат ретінде ұжымда іскерлігімен беделді қызметкерге айналды. Ауылға ауыз су желісі тартылмаған кезде де Абдрахманның ауыл тұрғындарын сумен қамтамасыз етудегі еңбегін де көпшілік естен шығармайды.
Былтырғы Жайық өзенінің су тасқынымен күресте де елдің ортасынан табылып, күні-түні уақытпен санаспай ел үшін маңдай терін төгіп, зор үлес қосқанын ұжымдас әрі ауылдас ретінде мақтанышпен айтамыз. «Аз сөйлер де көп тыңдар, хас асылдың баласы...» деп Махамбет бабамыз жырлағандай, ісі мен күшін елдің игілігіне жұмсайтын, тал бойына сабырлылық пен төзім біткен Абдрахман Жұмажанұлының еңбекқорлығы – бүгінгі жас ұрпаққа өшпес өнеге.
Еңбегімен еленген кейіпкеріміздің еңбекке құштарлығы, халыққа деген шынайы ниеті отбасындағы саналы тәрбиенің де жемісі шығар деп ойлаймыз. Өйткені, марқұм әкесі Мақтымқұлов Жұмажан ағамыз - ауылға сыйлы, Ауған соғысының ардагері еді. Анасы Хайрушева Зәмза - ұлағатты ұстаз, аудан мен ауыл мәдениеті руханиятына өлшеусіз үлес қосып жүрген өнерлі жан. Ата- ананың тәлім-тәрбиесін азаматтық ұстанымымен ұштастырған Абдрахман бүгінде жолдасы Жадыра Нұрғалиевамен үш қызғалдақ сүйіп отырған берекелі де мерекелі шаңырақтың отағасы.
Иә, адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Қолынан келгенін аянбайтын әр адамға мемлекеттен әркез сый-құрмет көрсетілуі тиіс екенін де ұмытпауымыз керек. Президенттің: «Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет» деп атап өтуі өте орынды. Нәпақасын маңдай тер, адал еңбектен тауып жүрген кейіпкеріміздің ісі – көпке үлгі. Ауыр еңбектің ыстығы мен суығына қатар төзетін еңбек адамы қашанда ауылдың, ұжымның мақтанышына айнала бермек.
Сара СӘТБЕРГЕНОВА,
Махамбет көпбейінді ауыл шаруашылық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары