Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

КӨРІСУДІҢ МӘНІ ТЕРЕҢДЕ

14 наурыз күні көктем келіп, жапырақтар бүршік атып, күн мен түн теңесіп, көкек құсы құйқылжыта ән салады.

Бұл мерекені «Амал» деп атайды. Мереке – жаңа өмір, жаңа жыл, жаңа күнмен көрісу деген мағынаны білдіреді. Қыстың ызғары кетіп, шуақты көктем басталған Амал таңының алдында адамдар үй-ішін, ауланы тазалап, ретке келтіреді. Жаңа киімдерін әзірлейді. Таң атысымен әр үй ерте тұрып, елең-алаңнан есіктерін ашып қойып, көрісе келген адамды қабақ шытпай көтеріңкі көңіл күймен қарсы алып, үйіндегі мол дастарқанға шақырады. Бұл күні күн шыққанда есігі ішінен құлыптаулы тұрған үй болмайды, ешкім ұйықтап жатпайды. Тарихында көшпелі ғұмыр кешіп, шеті мен шегі жоқ далада тарыдай шашылып, киіз үйде тұрған қазақ халқы қар еріп, жер жіби бастағанда туған-туыс, жақын-жұрағатын іздеп, үскірік аязды алты ай қыстан мал-жанының аман-есен шыққанына шүкіршілік қылып, бір-бірімен көріскен.

«Бір жасқа шығуыңмен!» деген тілектің артында «Қыстан аман шығып, жаңа жылға қадам басуыңмен!» деген тілекпен астасып жатқандай. Ең бастысы, көрісу – адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі әрі жасы кішілердің үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі салты. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде бір-біріне сәлем берген екі адамға да сауап жазылатыны, соның ішінде бірінші сәлем берген адамға көбірек сауап тиетіні айтылады. Демек, осынау орасан ізгілікке толы күні ескі өкпе-реніш кешіріліп, татуласып-табысады, араздық ұмытылады. Ер адамдар құшақтасып, төс түйістіреді, әйелдер қол алысып көріседі. Өзара мал-жанының амандығын сұрасып, қыстан аман-есен шыққандықтарына тәубе келтіреді. Қазақтың әдептілік дәстүрі бойынша, тек келіндерге аталарымен және қайын ағаларымен көрісуге болмайды. Ағайын-туыс, құда-жекжат, дос-құрбы сыйлы адамдарына жібек шапан, көйлек-жаулық сыйға тартады. Жастар ақсақалдардың ақ батасын алуға асығады. Бұл күні ешкім ешкімге ренжімей, жайдары жүреді. Көріскен ағайын бір-бірінің отбасына, ағайын-туыстарына амандық-саулық, құт-береке тілейді.

Ата-бабаларымыз: «Пенденің аузы – аққа, малдың аузы – көкке тиді» деп, адамның – адаммен, жылдың – жылмен көрісетін күнінің ертеңін, яғни 15 наурызды «Қыс жұлдызы бiтiп, жаз жұлдызы туды» деп айдарлаған. Сондықтан, көрісу күні – қазақты ынтымақ-ұйымшылдыққа, береке-бірлікке бастайтын ғибратты дәстүр. Көрісу күнінің негізгі шарттары – үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, әлсізді демеу, жарлыны жарылқау – ізгіліктің бастауы. Төс қағыстырып, қол алысу, үлкендерден бата алу, адамдар арасындағы сыйластық, қауышу – Көрісу күнінің кейінгі ұрпаққа сабақ боларлық қасиеттері. Бұл күні сүбе қабырғасымен тұтас ішекке тығылған қазы, сонау күздің басында шыжғырып шыны ыдысқа құйып сақтаған, түсі сап-сары бояудай қанық сары май – көрісуге келгендердің бір сыбағасы. Кейбір үйлер қазанға май қатып күріш, жармасын салып, жеті түрлі дәм қосып, наурыз көже асып қояды. Тары қайнатылып, бидай қуырылып талқан мен жент жасалады. Әрбір отбасы жеті шелпегі мен бауырсағын пісіріп, иіс шығарады. Сайып келгенде, көрісу – бір-біріміздің саулығымызды біліп, амандасумен шектелмейді. Сонымен қатар мұз болып қатқан жүректің жібитін, реніштің тарқайтын, араздыққа нүкте қойылатын кез де осы күні жүзеге асырылады. Адамдардың бір-біріне деген ізеттілігін, құрметін, сүйіспеншілігін, ынтымағын арттыратын Көрісу мерекесі баршамызға құтты болсын! Елдің бірлігі, отбасының ынтымағы, ағайынның татулығы, бауырлардың мейірімділігі, дастарқанның берекесі, үлкендердің ізеті мен кішілердің құрметі арта берсін!

Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521