Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Достық эстафетасы - Қызылқоғада

Биылғы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толғаны белгілі.

Ақпан айында облыс әкімі Махамбет Досмағамбетов облыс бойынша достық эстафетасын бастап, алғашқы болып Жылыой ауданына жолдаған еді. Ал, сейсенбі күні аталмыш эстафета Мақат ауданынан біздің ауданға келді. Мақаттық делегацияны Миялы ауылының шетінен аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев бастаған топ қазақы салтпен күтіп алды. Шара одан әрі «Арман» мәдениет үйінде жалғасын тапты. Мәдениет үйінің алдында әртүрлі ұлт өкілдерінің ұлттық киімін киген қыздар мен кимешектегі әжелер шашу шашып қарсы алса, фойеде ұлттық тағамдардан көрме жасақталып, шара қонақтарына ұсынылды. Бұдан кейін эстафета табыстау рәсімі концерт залында жалғасып, онда алдымен сөз алған аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев барша аудан тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтап, қонақтарға қош келдіңіз айтты.

Өз кезегінде сахна төріне көтерілген Мақат ауданының әкімі Шәкір Кейкин:

– Биылғы жыл еліміз үшін мерекеге толы жыл болып отыр. Соның бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толуы. Ақпан айында облыс әкімі достық эстафетасын бастап, Жылыой ауданына берді. Алайда, пандемия жағдайына байланысты шара уақытша тоқтап қалған еді. Қазан айында эстафета табыстау рәсімі қайта жалғасып, біз жылыойлықтардан қабылдап алдық. Бүгін ауылы аралас, қойы қоралас жатқан қасиетті Қызылқоға өңіріне ат басын бұрып, аманатты тапсыруға келіп тұрмыз, – деп аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиевке достық эстафетасын салтанатты түрде табыс етті.

Қонақтардан эстафетаны қабылдап алған аудан басшысы, жерлестер атынан мақаттық әріптесіне алғыс хат пен естелік сыйлық тарту етті. Бұдан әрі сөз Атырау облысы ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесі директорының орынбасары Ләззат Жылқышиеваға беріліп, ол құттықтау сөзден кейін аудандық «Аналар кеңесінің» төрайымы Бағытжамал Жұмабаеваны «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» мерекелік медалімен марапаттады. Шара одан әрі мерекелік концертпен ұласып, жергілікті өнерпаздар күмбірлеген күй, әуезді ән, мың бұралған билерімен көпшілікті тәнті етсе, «Арман» триосы «Топырағыңнан айналдым Қызылқоғам» әнін тамылжыта орындап, шараны қортындылады.

Дулат БЕРІК

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521