Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қызылқоғалықтар ауыз суға қашан жариды?

Жақында «Nur Otan» партиясының аудандық партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті.

Онда алдымен Сағыз, Мұқыр ауылдық округтерін ауыз сумен жабдықтау туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Ерсағын Құмаровтың хабарламасы тыңдалды. Оның түсіндіруінше, аудандағы 26 елді мекеннің 14-іне орталықтандырылған ауыз су құбыры тартылса, алты елді мекен тұрғындары ауыз суды құдықтан алып, алты елді мекенге ауыз су тасымалданып отыр. Солардың ішіндегі бес елді мекенге ауыз су желісі жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, сараптама жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 124,1 шақырым болатын «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбырын өткен жылдың тамыз айынан бастап «АтырауТеміржолЖылу» ЖШС сенімгерлікпен басқарады. Кереген шатқалындағы үш су ұңғымасы толық көлемде су жинай алмай отырғандықтан қосымша үш су ұңғымасының құрылысы жүргізілуде.

Хабарлама бойынша партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Альберт Аққайнановтың «Қазылып жатқан үш ұңғыманың құрылысы қашан бітеді? Олар іске қосылғанда тұрғындарды ауыз сумен толық қамти ма?» деген сауалына жауап берген аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Дулат Нығметовтің айтуынша, қосымша қазылып жатқан үш ұңғыманың біреуі толықтай бітсе, құрылысы жүріп жатқан екі ұңғыма желтоқсан айында аяқталады деп жоспарлануда. Пайдаланып отырған үш ұңғыма тәулігіне 800 текше метр су берсе, қазылып жатқан үш ұңғыманың әрқайсысы бір күнде 480 текше метр су береді деп күтілуде. Жалпы, Сағыз, Мұқыр, Жантерек, Жамансор елді мекен тұрғындарына тәулігіне 1800 текше метр су керек болса, алты ұңғыма толықтай іске қосылған соң оларға тәулігіне 2240 текше метр су беріледі. Ал, «ҚазСуШар» РМК-ның Атырау облысы филиалының Қызылқоға өндірістік учаске бастығы Сайлаубек Темірғалиевтің мәлімдеуінше, ауыз судың жетіспеушілігі туындаған соң Миялы ауылы тұрғындарына мамыр айынан бастап ауыз су уақытпен берілді. Тығырықтан шығу үшін Миялы ауылдық округімен бірлесіп көшелерге қазандармен ауыз су жеткізу ұйымдастырылды. Тамыз айында Миялы су айдау стансасына үлкен су сорғысы (насос) орнатылып, бүгінгі күні тұрақты су берілуде.

Сондай-ақ, қыркүйек айында жаңадан тұрғызылып жатқан 122 тұрғын үйге ауыз су желісі тартылды. Ал, «Тайсойған-Миялы» су құбырын тарту үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Қаржы мәселесі шешілсе келесі жылы аталмыш су құбырының құрылысы басталады. Сонымен бірге жиында Миялы, Сағыз, Мұқыр ауылдық округінің әкімдері де хабарлама жасады. Олардың хабарламаларынан білгеніміздей, жаз мезгілінде Миялы ауылында төрт құдық, үш ұңғыма құдық қазылып, пайдалануға берілсе, «Қарасу» жерасты су қорынан демеушілік арқылы қосымша үш ұңғыма қазылуда. Миялы ауылындағы ауыз су мұнарасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Ал, Сағыз ауылішілік су құбырындағы 382 құдықтың 188-і өрт сөндіру машиналарына су алуға (пожарный гидрант) арналған. Олардың 50 пайызы жөндеуді қажет етеді. Ауылдың шығыс бетіндегі биік жерге су айдау бекетін сыйымдылығы 2000 текше метр болатын резервуарымен салу үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Егер осы жоба бітіп, «Кереген» су қорынан қазылып жатқан үш ұңғыма іске қосылса, ауылда ауыз су мәселесі шешіледі. «ЕмбіМұнайГаз» АҚ арқылы Мұқыр ауылында үш ауыз су құдығының көзі аршылып, тазаланып, құдықтарды сенімгерлікпен басқаруға беруге құжаттары дайындалуда. Қазіргі таңда Мұқыр ауылына тәулігіне 200-250 тонна, Жантерек елді мекеніне 50-60 тонна, Жамансорға 100 тонна су беріліп отыр. Бұған қосымша Жантерек, Кенбай, Жамансор елді мекендеріне теміржол арқылы вагон цистерналарымен ауыз су жеткізілуде. Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Жаңыл Жұбаева, Нұрбол Бижановтың ауыз су мәселесі бойынша қойған сұрақтарына хабарламашылар тиісінше жауап берді. Партиялық бақылау комиссиясы отырысының төрағасы Айбар Алтыбаев кейбір хабарламашыларға тыңғылықты дайындалу керектігін ескертіп, жиынды қорытындылады.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521