Парламент Мәжілісінің Әділетті Қазақстан қағидаттарына негізделген резолюцияны қабылдауы – елдегі саяси реформалардың жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсетеді. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов атап өткендей, бұл құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын қолдауға бағытталған маңызды қадам. Бұл резолюция – билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға, елдегі барлық прогрессивті күштердің ортақ мүдде жолында бірігуіне жасалған нақты қадам.
Мәжілістегі жалпы отырыста талқыланған мәселелер елдегі ауқымды өзгерістердің барлық тұсын қамтыды. Белгілі экономист Жақсыбек Күлекеевтің орта бизнестің дамуына жасалып жатқан жағдай туралы пікірі – ел экономикасының тұрақтылығы үшін аса өзекті. Бүгінде шағын және орта бизнес мемлекеттің экономикалық қуатын арттыратын басты факторлардың бірі саналады. Сондықтан бұл салаға жасалатын кез келген қолдау елдегі кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етпек.
Сонымен қатар, Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев ғылым саласын дамыту жөнінде өз ұсыныстарын жариялады. Ғылым – кез келген елдің интеллектуалды капиталының негізі. Қазір Қазақстанның әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ғылымға және инновацияға ерекше мән берілуі тиіс.
Ал реформалардың іске асуы – басты міндет. Бұл жолда резолюция қабылдау – формалды шешім ғана емес, елдің саяси күштерін ортақ мақсатқа біріктіруге жасалған стратегиялық қадам. Бұл шешім қоғам тарапынан қолдау тауып, экономикалық, әлеуметтік және ғылыми салаларда жүйелі өзгерістерге серпін беруге тиіс.
Дегенмен, басты мәселе – қабылданған бастамалардың іс жүзінде жүзеге асуы. Құжатта көрсетілген қағидаттардың қағаз жүзінде қалмай, нақты нәтижеге әкелуі үшін барлық мемлекеттік органдар, бизнес қауымдастықтар және қоғам өкілдері бірлесе жұмыс істеуі қажет.
Бүгінде Әділетті Қазақстан қағидаттары халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, мемлекеттік басқаруды ашық әрі әділ етуге бағытталған. Сондықтан бұл құндылықтардың жүзеге асуы – тек биліктің ғана емес, бүкіл қоғамның белсенділігіне байланысты.
Ел дамуындағы осындай маңызды кезеңде әрбір азамат өзгерістердің мәнін түсініп, өз саласында оң өзгерістерге үлес қосуға тиіс. Мәжілісте қабылданған резолюция – саяси реформалардың заңнамалық негізін қалыптастырса, енді оның нақты іске асуын қадағалау – уақыт талабы.
Қуантай БИСАЛИЕВ,
«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы атқарушы хатшының орынбасары