Биыл – Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл. Бұл күннің Қазақстан үшін де маңызы мен мәні айрықша. Сондықтан да бұл күнді лайықты атап өтуге бағытталған шаралар да жеткілікті.
Республика Еңбек министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 120 соғыс ардагері, сондай-ақ жеңіске үлес қосқан 42 545 азамат тұрады. Оның ішінде: қоршаудағы Ленинград тұрғындары, концлагерьдің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары, соғыс кезінде жараланып, контузия алып, зақымдану немесе ауру салдарынан мүгедектік алған қайтыс болған адамдардың жұбайлары, соғыста қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері және тыл еңбеккерлері бар.
Нақтылай кетсек, бұлардың арасынан қоршауда қалған Ленинград тұрғындары – 67, концлагерьдің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары – 139, соғыс кезінде жараланып, контузия алып, зақымдану немесе ауру салдарынан мүгедектік алған, қайтыс болғандардың жұбайлары – 743, соғыста қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің жесірлері – 2, тыл еңбеккерлері – 41 594 адам.
Айтпақшы, атаулы датаға орай соғыс ардагерлеріне 5 млн. теңге беріледі. Ел ордасы – Астанада әскери шеру өтеді.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналып, еліміздің басқа аймақтарындағыдай, Атырау облысында да түрлі танымдық-тағылымдық шаралар өткізу жоспарланған.
Дәулетқали АРУЕВ